Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұрын боксшы болғам": Түркістан облысында тілші әйелді ұрып құлатқан әкімнің кім екені анықталды

Опубликовано:

Түркістан облысында "ауыл әкімінің соққысынан соң ауруханадан бір-ақ шықтым" деген журналист ісіне қатысты жаңа дерек шықты. Шенеуніктен таяқ жеген тілші әкімге кешірім берген. Есесіне ауыл әкімі оған құны 290 мың теңгелік жаңа ұялы телефон әперіп тынды деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысында "таяқ жедім" деген тілшіге ауыл әкімі 290 мың теңгелік телефон алып берді
Түркістан облысында "таяқ жедім" деген тілшіге ауыл әкімі 290 мың теңгелік телефон алып берді: UGC

Оқиға облыс әкімінің Төлеби ауданына жасаған сапары кезінде орын алған. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебев активке ауданның жаңа басшысын таныстырмақ болғанда ол жиынға Алатау ауылдық округінің бір топ тұрғындары жер мәселесіне қатысты өз шағымдарын облыс әкіміне айтамыз деп келген.

Алайда әкімдік аппаратының қызметкерлері тұрғындарды жиынға кіргізбей, "бұл шағым айтатын жиналыс емес, арыздарыңызды жиын біткен соң айтасыңдар", - деп шектеу қойыпты.

Осы сәтте "Аймақ танысы" газетінің редакторы Ләззат Асанова да оқиға орнында болған. Журналист әкімдік қызметкерлері жер дауын айтпақ болған адамдарды ортаға салып, тіпті қолын қайырып тұрғанын көрдім дейді. Араша түспек болған журналист осы сәтте Киелітас ауылдық округінің әкімінен таяқ жедім деп отыр.

"Мен әкімдік қызметкерлеріне олай жасауға болмайтынын, әрбір азамат өз ойын айтуға құқылы екенін айттым. Киелітас ауылдық округінің әкімі Полат Төребеков маған дөрекі сөздер айтып, жұмысың болмасын деді.

Ана кісілердің қолын қайырғаннан соң араша түспек болғаным сол еді ауыл әкімі ұрып, ұшып кетттім ары қарай. Басым кафельге тиді.

Орнымнан тұрып, Facebook желісінде тікелей эфир жүргізе бастадым, халыққа шындықты көрсетпек болдым. Телефонымды жұлып алып кетті", - деп шағымын айтты журналист.
Түркістан облысында "таяқ жедім" деген тілшіге ауыл әкімі 290 мың теңгелік телефон алып берді
Ләззат Асанова. Фото: zamana: UGC

Қысқасы, әкімдіктегілер шағымын айтпақ болғандарды қолдарынанан сүйреп, сыртқа алып шықпақ болғанда облыс әкімі оқиғаның үстінен түсіпті.

"Басымның жарылғанын көрген Жансейіт Түймебав мән-жайды сұрады. Болған жағдайды айтып, "халыққа араша түспек болғанымда осылай таяқ жедім" деп едім, ол кісі бей-жай қараған жоқ. Тұрғындарды қабылдап, аппарат басшысының орынбасарына мәселені шешу бойынша нақты тапсырмалар берді", - деді Ләззат Асанова.

"Жабық мидың шайқалуы" диагнозымен аудандық ауруханада бір апта ем қабылдаған журналистен ауыл әкімі кешірім сұрап, тіпті су жаңа телефон әперген де екен.

Ал ескі телефоны ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Кешірім сұраған шенеунікке журналист кешірім берді.

Тек ауыл әкімінің "боксшы" болғанмын деп мақтанышпен айтқанын түсіне алмадым дейді.

"Құлап қалғаннан кейін ол кісі "мен кезінде "боксер" болғанмын", - деп мақтанып айтқандай болды. "Ударым" күшті дегені ғой енді. Мен құлап қалғанда сонша ауылдық окурігтің азаматтары, бөлім басшылары тұрып, бірде-бірі мені тұрғызуға немесе менің жағдайымды сұрауға ешқандай әрекет жасамады. Мен осыған қатты таң қалдым...

Ауыл әкімі мен аудандық әкімдіктегі лауазымды бірнеше адамдар келіп кешірім сұрады.

Мен біршама ем қабылдап, ойымды жинақтап кешірім бердім, іс медиациямен аяқталды", - деді журналист.

"Боксшы әкім" атанып отырған Киелітас ауылдық округінің басшысы Полат Төребеков болса тілшіні ұрмағанын айтып ақталды.

Түркістан облысында "таяқ жедім" деген тілшіге ауыл әкімі 290 мың теңгелік телефон алып берді
Полат Төребеков. Фото: nur.kz: UGC
"Аудан әкімін тағайындау жиынына бір топ азамат кіріп, шағымын айтқысы келгені рас. Тұрғындарға "бұл шағым айтатын жиын емес, тағайындау біткен соң облыс әкімінің сіздерді қабылдауын қамтамасыз ететін боламыз, күте тұрыңыздар" деп өтінгенімізде ол кісілер көнбеді.

Бір топ адам есікке бас салды. Сол сәтте бірнеше адам шалынып құлады. Ол кезде тек Ләззат қарындасым емес, өзім де құладым.

Мен де онымен бірге ауруханаға бардым. Ал телефонымды тартып алды дегені шындыққа жанаспайды", - деді Киелітас ауылдық округінің әкімі.

Одан өзге "бұрын боксшы болғанмын деген әңгіме мүлдем болмады, журналисті ұрмадым", - дейді ол.

Еш кінәсі жоқ екенін алға тартқан шенеунік ауруханаға барып тілшіден кешірім сұрағанын, жаңа ұялы телефон алып бергенін растап отыр. Тек кінәсіз болса да неліктен ондай әрекетке барғанын нақты түсіндіріп бере алмады.

"Телефонымды тауып бер деп маған айтып жатыр. Солай деп тұрса қайда барасыз? Ашудың үстінде сізден көріп тұрмын деген соң амал жоқ, ашуын бассын дедім. Егер сен солай ойласаң, кешірім бер дедім. "Әзірге жұмыс істеуіңе міне, телефон" деп жаңасын апарып бергенім рас", - деді ауыл әкімі.

Қысқасы, елді шулатқан іске нүкте қойылды. Яғни, жәбірленуші тарап кешірім беріп, медиация тәртібімен іс тоқтатылды.

Айтпақшы, шенеуніктің тілшіге әперген телефоны 290 мың теңге тұрады екен. Ауыл әкімі оны несиеге алдым дейді. Полат Төребеков енді ай сайын 16 700 теңгені несиесін жабу үшін төлеп отырмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1741786-bryn-bokssy-bolgam-trkistan-oblysynda-tilsi-jeldi-ryp-klatkan-kimni-kim-ekeni-anyktaldy/

pixel