Назарбаев бай-бағландардан Түркістанға ғимарат салуды талап етті
Жарияланған күні:
Елбасы сенбі күні Түркістан облысын дамытуға қатысты ауқымды жиын өткізген болатын. Отырыста Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі алдыңғы қатарлы компаниялардың басшыларына Түркістанға бір-бір ғимараттан салуды тапсырды деп жазады NUR.KZ.
Түркістан әкімдігінің мәлімдеуінше, елбасы жиын барысында кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін қолдауды айта кетіп, енді олардың да ел дамуына үлес қосуы керектігін алға тартты.
Мәселен, "Базис-А" құрылыс компаниясның басшысы Александр Беловчике президент Түркістан қаласында театр салуды бұйырған. Ол өз кезегінде елбасының тапсырмасын орындауға сөз берді.
ENRC компаниясының басшыларының бірі Патох Шодиев Түркістанға түркі халықтарының мұражайын салуға міндеттелген.
Ал "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Сауыт Мыңбаевқа халықаралық стандарттарға сәйкес келетін стадион салу тапсырылды.
Оған қоса, Айдын Рахымбаеавтың басқаруындағы "BI Group" "Қазақ хандары, билері мен батырлары орталығын", ал "Хайвилл Қазақстан" тұрғын үй комплексін салады.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы жастар орталағын тұрғызса, "KEGOC" АҚ Қожа Ахмет Йассауиге арналған кішігірім мұражай тұрғызбақшы.
"Қазпошта" Түркістанда заманауи бөлімін ашып, цифрландырылған кеңсе сыйлайтын болады. "Қазақтелеком" болса, облысқа Smart технологияларды енгізбек.
Бұл тұрғыда, Данияр Абылғазин есімді кәсіпкер жүзу орталығын салуға уәде етсе, Нұрлан Смағұлов көлік салонын ашуға ниетті екенін білдірді.
Сонымен қатар, "Қазатомпром" бірлестігі Түркістан облысына қаржылай көмек көрсетуге даяр екенін жеткізді. Түркістанның дамуына бірқатар түрік компаниялары да өз үлесін қосуға бекініп отыр.
Елбасы жиын соңында кімге қандай ғимарат тапсырылғанын жеке жазып алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1755601-nazarbaev-baj-baglandardan-trkistanga-gimarat-saludy-talap-etti/