Желіде СІМ бірінші орынбасары мас күйде көшеде құлады деген ақпарат тарады
Опубликовано:
"Время" басылымының тілшісі Михаил Козачков өзінің Facebook желісіндегі парақшасында 14 қазандағы жедел мәліметке қосымша құжат көшірмесін жариялады. Ол Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің Астанадағы мейрамхана маңында құлап қалғанын жазған болатын деп хабарлайды NUR.KZ.

"Астаналық достар, бұл жақсы мейрамхана ма, әлде жай ғана асхана ма?", - деп жазған Козочков.
Ал құжатта 14-қазаннан 15-іне қараған түні 50 жастағы жоғары лауазымды шенеунік "Olivier" мейрамханасының алдында "абайсызда мас күйде" құлағаны жазылған.
Оған бас сүйек-ми зақымы, ми шайқалуы және этанолдың уыттық әсері деген диагноз қойылыпты.
Қазір аталмыш оқиға бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Болған оқиға туралы Сыртқы істер министрлігі NUR.KZ порталына пікір білдірді. Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың сөзінше, министр орынбасары қазір медициналық мекемеде емделіп жүр.
"Мұхтар Тілеуберді мұны отбасылық жиыннан қайтып келе жатқанда болған жағдай деп отыр. Оның жанында жұбайы да болыпты. Үйінің жанында кетіп бара жатқанда құлап, басын тас жолға қатты соғып алған. Жары бірден жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жеткізген", - деді Айбек Смадияров.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1758241-zelide-sim-birinsi-orynbasary-mas-kjde-ksede-klady-degen-akparat-tarady/