RU

Біртанов дәрігерлердің орташа жалақысын атады

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстандық дәрігерлердің жалақысын атады. 2018 жылы ақ халаттылар орташа есеппен 142 мың теңге алған деп жазады NUR.KZ.

Елжан Біртанов. Фото: abctv.kz
Елжан Біртанов. Фото: abctv.kz: Depositphotos

Министр ай сайын қолға түсетін жалақы көлемі 142 мың екендігін алға тартты.

"Жалақыны айтар болсам, айлықтың өсуін аңғарып отырмыз. Өткен жылдың соңында сараптама жүргізіп, көптеген мемлекеттік ұйымдардан кім қанша ақшаны нақты қолына алатындығы жайлы мәлімет жинастырдық.
2018 жылы дәрігерлердің нақты қолына тиген орташа жалақысы 142 мың теңгені құрады. Жылдан-жылға дәрігерлердің, медбикелердің жалақысында өсім бар", - деді министр.

Біртановтың сөзінше, дәрігерлердің ішінде алғашқы жылдам медициналық көмек көрсететін мамандардың жалақысы жоғары.

"Біз бұған қол жеткізуге тырысқан едік, алдағы уақытта да тырыса береміз.
Алғашқы жылдам медициналық көмек қызметкерлерінің жалақысы ең жоғары болуы тиіс деп есептейміз және денсаулық сақтау жүйесіндегі олардың рөлі барынша белсенді болуы керек", - дейді Елжан Біртанов.  

Министр клиника мен экономикалық блок басшыларының жалақылары дәрігерлерден де асып кететінін жеткізді.

"Сондықтан оңтайландыру туралы, соның ішінде стационар жайлы көп айтамыз. Бізде ауруханалар жеткілікті, тіпті өте көп. Ауруханаларды оңтайландыру әкімшілік шығындардан құтылуға септігін тигизеді", - деді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1778911-birtanov-drigerlerdi-ortasa-zalakysyn-atady/