RU

Жеңіс Қасымбек министрліктегі жемқорлар үшін қатты ұялатынын айтты

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы Жеңіс Қасымбек министрліктегі сыбайлас жемқорлық фактілері үшін ұялатынын айтты. Оның ойынша, жемқорлық жайлаған көлік инспекциясы қызметкерлері "жүйенің азығына" айналған деп жазады NUR.KZ.

Фото: facebook.com/Kasymbek.Zhenis
Фото: facebook.com/Kasymbek.Zhenis: UGC

Жеңіс Қасымбек МҚІСЖҚІА-ның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қызметкерлерінің жемқорлыққа қатысты бейнежазбасынан ауыр әсер алғанын айтты.

"Мен оларды 10 күн бұрын көрдім. Шынымды айтсам, залда мен қатты ұялдым. Бұл нақты дәлелдер. Олар бүгін немесе кеше болған жоқ.

Барлық фактіге қатысты нақты шаралар қабылданды. Олар қамауға алынып, айыппұл салынды. Тек қана олардың емес, балалары мен жанұяларының тағдыры бұзылды.

Осы қылмысқа барар кезде олар өздері тұрмақ, жақындарын да ойламаған.

Сол себепті, мен бүгін барлық басшыларды шақырып отырмын. Жемқорлыққа қатысты істердің 50 пайызы көлік инспекциясында болған", - деді министр.

Ол көлік инспекциясына бір жылда олардың қайта жасақталатынын ескертті.

"Сіздерді тағайындайды-қайта тағайындайды, жүйе сіздерді жеп жатыр. Сіздер осыдан екі-үш жыл бұрынғы адамдар сияқты болып жатырсыздар. Көлік инспекциясы осы жылы қайта жасақталуы мүмкін.
Функциялар автоматтандырылған сандық форматқа ауыстырылады, жолдағы адамдарды барынша қысқартамыз. Өткізу бекеттерінде адамдар болмайды, ал көптеген функциялар басқа мемлекеттік органдарға беріледі", - деді Қасымбек.

Ол жұмыс жүйесін реформалайтынын, артынша қызметкерлерді қайта аттестаттау өтетінін және инспекциялар 30-40 пайызға қысқаратынын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1779731-zeis-kasymbek-ministrliktegi-zemkorlar-sin-katty-alatynyn-ajtty/