Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкім бол – халқыңа жақын бол": Тоқаев шенеу­нік­тердің кемшілігін тізіп берді

Опубликовано:

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан" басылымына берген сұхбатында әкімдердің жұмысы туралы айтты. Ол шенеуніктер жұмыс істеудің ескі тәсілдерін пайдаланатынын, сондықтан халық оларға сенбейтінін алға тартты. Сонымен қатар, президенттің сөзінше, мемлекеттік қызметкерлерді халықпен дұрыс қарым-қатынас орнатуға үйрету керек.

Фото: ria.ru
Фото: ria.ru: UGC
"Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнін­де халықты жалықтырды және жұрт­шы­лық­тың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын. 
Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеу­нік­терімізге жетпей жататыны – қара­пайымдылық, адами қарым-қатынастар. "Әкім бол – халқыңа жақын бол" деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көре­тіндей", - деді президент.

Ол әкімдердің қатысуымен өткен кеңесте осы әдетті жою уақыты келгенін қатаң ескерткенін айтты.

"Халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды. Бұл үшін әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу, жүргізіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру де өте қажет нәрсе. 
Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құрал­дарды пайдалана білген жөн. Сонымен бірге кері байланыс орнатудың пайдасы зор", - деп мәлімдеді мемлекет басшысы.

Тоқаев халықпен төте бай­ланыс барлық жерде бірдей емес екенін, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар екенін атап өтті.

"Мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайды. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тіреледі. Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселелерді тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады. Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елді мекенді аралауға тиіс. 

Әрбір шенеунік жүргізіліп жатқан реформалардың, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мән-мақсатын халыққа нақты әрі ұғынықты жеткізе білуі тиіс. Шенеуніктердің бір осалдығы – халықпен қалай сөйлесу қажеттігін білмеуі", - деді ол.

"Сондықтан мен Мемлекеттік басқару академиясының базасында арнаулы курстар ашып, оларға халықпен белсенді қарым-қатынас жасайтын шенеуніктерді жіберу керек деп ұйғардым. Әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырдым. Бұл аудандардан бастап облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты. Олардың халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет", - деп атап өтті Тоқаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1786544-kim-bol-halkya-zakyn-bol-tokaev-seneu-nik-terdi-kemsiligin-tizip-berdi/

pixel