RU

Тоқаев: Пашинянның тезірек сауығып кетуіне тілектеспін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус жұқтырған Армения премьер-министрі Никол Пашинянға тезірек сауығып кетуін тіледі деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қасым-Жомарт Токаев пен Никол Пашинян. Коллаж: NUR.KZ
Қасым-Жомарт Токаев пен Никол Пашинян. Коллаж: NUR.KZ: Depositphotos
"Армения премьер-министрі Н.Пашинянның тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Ол өз қажыр-қайратының арқасында дерттен құлан-таза айығып, достас Арменияның игілігі жолындағы қызметіне қайта оралады деп сенемін", - деп жазды президент Twitter парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін Никол Пашинян мен оның отбасы мүшелерінен COVID-19 инфекциясы анықталғанын хабарлаған едік.

Премьердің сөзінше, коронавирус диагнозы расталғанымен, ол ауру белгілерін сезінбеуде.

Жалпы бүгінде Арменияда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 9492-ге жеткен. 3402 адам бұл вирустан айықса, 139 адам қайтыс болған.

Айта кетейік, әлемдегі лауазымды тұлғалардың арасында коронавирус жұқтырғандар баршылық. Бұған дейін Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин де коронавирус жұқтырып, жазылып шыққан болатын.

Сонымен қатар жақында Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та коронавирустан сауығып шықты.

Песковтің сөзінше, КВИ белгілері бойынша тұмауға ұқсас. Дегенмен коронавируспен ауырған кезде тауықты құлпынайдан ажырату мүмкін емес. Яғни іс сезу мен дәм сезу жоғалады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1858368-tokaev-pasinanny-tezirek-sauygyp-ketuine-tilektespin/