RU

Тоқаевтың желідегі жазбалары неліктен кешкі уақытта шығады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысының жұмыс кестесі туралы айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда: Instagram

Оның cөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі тығыз. Президент мемлекеттік орган басшыларымен, қоғам мүшелерімен кездесулер өткізіп, жоспарлы іс-шараларға қатысады.

"Қасым-Жомарт Кемелұлы демалыссыз жұмыс істейді және туындаған мәселелерге жедел әрекет етеді деп айта аламын. Дағдарысқа қарсы күн тәртібімен қатар ол мемлекет дамуының ұзақ мерзімді міндеттеріне: экономиканы қолдауға, әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөледі", - деді мемлекет басшысының баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар, Берік Уәли әлеуметтік желілердегі президенттің кейбір жазбасы неге кешкі уақытта жарияланатынын түсіндіріп берді.

"Президенттің Twitter әлеуметтік желісіндегі кейбір жазбасы кешкі уақытта шығатыны ақиқат. Мемлекет басшысы еліміздің тыныс-тіршілігінен әрқашан хабардар және бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде шығатын жазбаларды оқуға уақыт табады. Егер Қасым-Жомарт Кемелұлы қажет деп санаса, ол қоғамдағы пікірталас тудырған жайттарға қатысты өз ойын білдіріп, қажетті тапсырмалар береді. Жұмыс кестесі тығыз болған жағдайда бұндай жарияланымдар түнгі уақытта шығуы да мүмкін", - деді президентің баспасөз хатшысы.

Берік Уәлидің пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев осылайша барлық мемлекеттік қызметкерге үлгі болып, қазіргі қиын кезеңде қалай жұмыс істеу керегін көрсетеді.

Айта кетейік, мемлекет басшысы қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударып, өзінің пікірін Twitter-дегі парақшасында жазып отырады.

Мәселен күні кеше президент халық арасында кең талқыланып жатқан Көбейтұзға қатысты ойын желіде жазған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1866250-tokaevty-zelidegi-zazbalary-nelikten-keski-uakytta-sygady/