Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бағдат Қожахметов: Праймериз іскер, ойын жеткізе алатын нағыз көшбасшыларды іріктеп алуы керек

Опубликовано:

Медиа-сарапшы Бағдат Қожахметовтің пікірінше, «Nur Otan» партиясының биыл өткізетін праймеризі тек есеп үшін өтіп қоймай, нағыз мықтыларды іріктеуі керек. Білікті мамандар Мәжіліс пен мәслихаттарға келгенде ғана Қазақстан жемқорлықты жеңіп, толыққанды дамыған мемлекетке айналады. Мұндай ойын ол «Nur Otan» партиясы жақтастарының лигасы өткізген Zoom-конференция барысында айтты.

Праймериз іскер, ойын жеткізе алатын нағыз көшбасшыларды іріктеп алуы керек – Бағдат Қожахметов
Фото: Nur Otan: Facebook

Сарапшының пікірінше, Қазақстан саяси дамудың революциялық емес, эволюциялық жолын таңдауы тиіс.

«Қоғам мен мемлекетті өзгертуіміз үшін саясатты өзгерту қажет. Ол үшін жаңа буындағы жаңа саясаткерлер керек. Қоғамды екі-ақ жолмен өзгерте аламыз, бірі – революция, екіншісі – эволюциялық жол. Революция – кешегі Украина мен Қырғызстанның таңдаған жолы. Қырғызстандағы таныстарым алғашқыда революция болса екен деп армандағанын айтады. Ал, революциядан кейін бәрі өкінген. Өйткені, оның артында түрлі экономикалық ауыртпалықтар жатыр. Сондықтан, бізге эволюциялық жолды таңдау керек. Ал, «Nur Otan» партиясына айтарым, праймеризді есеп үшін өткізуге болмайды. Оның өзінің ережелері бар, соның бәрін сақтап, АҚШ-тың тәжірибесіне сүйене отырып өткізу керек», - деді ол.

Қожахметовтің айтуынша, праймериз нағыз іскер, әмбебап тұлғаларды іріктеп, олардың билікке араласуына мүмкіндік жасауы тиіс.

«Адамдар үшке бөлінеді: біріншісі – керемет іскер маман, бірақ өз ойын өзгеге жеткізе алмайды; екіншісі – қолынан түк келмейді, бірақ өзін сұмдық іскер ретінде көрсете алады; үшінші топ – қолынан іс те келеді, оны өзгеге жеткізе де алатын адамдар. Праймериз осындай әмбебап, көшбасшы тұлғаларды іріктеп алуы керек», - деп ойын жеткізді медиа-сарапшы Бағдат Қожахметов онлайн-конференция барысында.

Айта кетейік, аталған zoom-конференцияға «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев, саясаттанушылар Айдос Сарым мен Қазбек Майгелдинов, журналистер Бағдат Қожахметов, Айдос Жұқанұлы, Рахат Жақсыбай, блогерлер Яков Федоров, Бибігүл Дәулетбекқызы, Самат Нұртаза қатысты.

Конференцияда сөз алған Қожахметов елдегі әлеуметтік-экономикалық проблемалардың бәрінің артында жемқорлықтың тұрғанын айтты. Жұмыссыздықтың артуына да, экономика дамуының тежелуіне де осы фактор негізгі себеп дейді ол.

«Біздегі проблемалардың көбінің артында жемқорлық тұр. Коронавирусты әліге дейін жеңе алмауымызға да сол себеп. Біз пандемияны әйтеуір жеңеміз, бірақ болашақта бұдан да басқа проблемалармен бетпе-бет келуіміз әбден мүмкін. Сондықтан, оған дайын болуымыз керек», - дейді Бағдат Қожахметов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1866574-bagdat-kozahmetov-prajmeriz-isker-ojyn-zetkize-alatyn-nagyz-ksbassylardy-iriktep-aluy-kerek/

pixel