RU

"Артында өшпес із қалдырды": Тоқаев Кенжеғали Сағадиевтің отбасына көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев академик Кенжеғали Сағадиевтің отбасына көңіл айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Фото: sagadiev.com
Фото: sagadiev.com: Instagram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының бұрынғы президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады.

"Кенжеғали Әбенұлы мемлекетімізді дамыту ісіне мол үлес қосты. ҚР Ғылым академиясына және Қазақ мемлекеттік аграрлық университетіне басшылық жасады. Парламент Мәжілісінің ІІІ және IV шақырылымдарының депутаты болып, отандық заңнаманы жетілдіруге атсалысты, ұзақ жылдар бойы ұстаз ретінде шәкірттер тәрбиеледі. Артында өшпес із, ұлағатты ұрпақ, ғылыми мұра қалдырды. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын", —  делінген жеделхатта.

Еске сала кетейік, бұған дейін ғылым саңлағы, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев 82 жасында өмірден озғанын хабарлаған едік.

"25 шілде күні 82 жасында академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев көз жұмды. Өкінішке қарай, кең тараған ауру біздің отбасымызға да жетті. Жерлеу рәсімі тек отбасы мүшелерінің қатысуымен өтеді. Барлық қоштасу шаралары тура бір жылдан кейін, 2021 жылы 25 шілдеде өтеді", – делінген Сағадиевтер отбасы таратқан хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1866790-artynda-spes-iz-kaldyrdy-tokaev-kenzegali-sagadievti-otbasyna-kil-ajtty/