RU

Тоқаев Бейруттағы жарылыстан соң еліміздің сыртқы істер министрлігіне тапсырма берді

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев ведомствоға: Instagram

Қазақстанның сыртқы істер министрі Бейруттағы көптеген адамның өмірін қиған жарылысқа қатысты түсініктеме берді. Осы жағдайларға байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев ведомствоға тапсырма берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы сыртқы істер министрлігінің telegram-арнасына сілтеме жасап.

Мұхтар Тілеубердінің мәліметінше, кеше, 4 тамызда Ливандағы Бейрут қаласының портында бірнеше жойқын жарылыс болған. Қалалық инфрақұрылымға зиян келді, адам шығыны бар.

"Жарылыс туралы ақпаратты алғаннан кейін президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрлігіне Ливандағы қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды", - делінген министрдің түсініктемесінде.

Ол қазіргі уақытта Қазақстанның 113 азаматы Ливанда консулдық есепте тұрғанын жеткізді.

Тілеуберді дипломаттардың олармен байланыста екенін, қазақстандықтардың арасында зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді.

"Өздеріңіз білетіндей, дипломатиялық миссия кеңсесіне де зиян тиген болатын. Ол алдағы уақытта қалпына келтіріледі. Қызметкерлеріміз бен олардың отбасы мүшелері зардап шеккен жоқ. Өздеріңіз білетіндей, Ливанда БҰҰ бітімгершілік контингенті бар. Оның құрамына 120 қазақстандық жауынгер кіреді. Қазір оларды ротациялау процесі жүріп жатыр және күні кеше ғана қазақстандық бітімгерлер қызмет өтетін орындарына аман-есен жетті", - деді министр.

Еске сала кетсек, кеше Ливанның астанасы Бейрут қаласында жойқын жарылыс болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1868191-tokaev-bejruttegi-zarylystan-so-elimizdi-syrtky-ister-ministrligine-tapsyrma-berdi/