Тоқаев Лукашенконы Беларусь президенті болып қайта сайлануымен құттықтады

Опубликовано:

Тоқаев пен Лукашенко
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконы Беларусь президенті болып қайта сайлануымен құттықтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Александр Лукашенконы Беларусь президенті болып қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдаған.

"Саяси жағдайдың күрделі болғанына қарамастан сайлаудың қорытындысы халық Сіздің Беларусь мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға негізделген стратегиялық бағытыңызды қолдайтынын көрсетті", – делінген жеделхатта.

Президент екі ел халқының игілігі үшін Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық алдағы уақытта да табысты дами береді деп сенетінін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенкоға Беларусь Республикасының президенті ретінде ойға алған барлық жоспарын толық жүзеге асыруды, ал Беларусь халқына бейбітшілік, өзара түсіністік пен өсіп-өркендеу тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, кеше 9 тамызда Белоруссияда президенттік сайлау өтті.

Ұлттық экзитполдың ақпаратына жүгінсек, үміткер Александр Лукашенко 79,7%, Светлана Тихановская 6,8%, Анна Канопацкая 2,3%, Андрей Дмитриев 1,1%, Сергей Черечень 0,9% дауыс жинаған.

Сонымен қатар елде президент сайлауынан кейін наразылық акциялары басталды.

Минск көшелеріне ел тұрғындары жиналып, тәртіп сақшылар мен жергілікті халық арасында қақтығыс болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1868830-tokaev-lukasenkony-belarus-prezidenti-bolyp-kajta-sajlanuymen-kttyktady/