Қарапайым мұғалім Шымкент әкімінің кеңесшісі болды

Опубликовано:

Шымкент әкімінің кеңесшісі
Фото: Facebook/ Бекен Қоныс

Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі Өмір Шыныбекұлы Шымкент қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов ұлағатты ұстазды қабылдап, білім саласын дамыту бойынша бірлесе жұмыс істеуге шақырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы хабарлады.

Өмір Шыныбекұлы 1962 жылы Түркістан облысы, Төлеби ауданында дүниеге келген. Жоғары санатты ұстаз, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

2003 жылдан бүгінге дейін Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі қызметін атқарып келеді. ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері. ҚР Президентінің және ҚР Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталған.

Ұстаздың өлке тарихы, адамгершілік, білім және тәрбие тақырыптарындағы мақалалары мерзімдік баспасөз беттерінде жарияланып тұрады.

Сондай-ақ, "Ауыл тарихы – ел тарихы" (2015 жылы), "Қара шаңырақ Қарасора, құтты мекен Кеңесарық" (2017 жылы), Түркістан облысы және Шымкент қаласы жалпы білім беру мектептеріне арналған "Өлкетану" оқулықтарының (2018 жылы) авторы.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары болып Гарвард университетінің түлегі Шыңғыс Мұқан Жұмабекұлы тағайындалғанын хабарлаған едік.

Оның алдында Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары Ербол Садыр мен Алмасбек Мамытбеков қызметтерінен босатылған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1872982-karapajym-mgalim-symkent-kimini-keessisi-boldy/