Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мегаполис мәдениеті өзімізден басталады

Опубликовано:

Салтанат
Фото: Салтанат Назарымбетованың әлеуметтік желісінен

"Nur Otan" партиясының партияішілік қатысушысы шығыстанушы, көп балалы ана Салтанат Назарымбетова "Мәдениетті жолаушы" бағдарламасын енгізуді ұсынды.

Нұр-Сұлтан қаласы тек архитектуралық жағынан ғана әсем қала емес, ол Қазақстан мәдениетінің орталығына айналған ірі мегополис. Бұл дәлелдеуді қажет етпейді.

Академик Зейнолла Қабдоловтың: «Мүсіреповты мақтамау керек, Мүсіреповпен мақтану керек»,– дегені бар. Сірә, ақын Темірхан Медетбек «Халқымыздың рухани анықтауышына айналып кеткен Алатау сияқты таудың атауы болады»,– деп жазғанда, осындай ойды көздесе керек.

Қалай болған күнде де, осы пікірдің екеуін де Елордамызға байланысты еш ойланбай қолданар едім. Астанамыз туралы мың сөзден аты айтылған бір ауыз сөз артық.

Қала тұрғындары мен қонақтары жақсы біледі, еліміздің жүрегі – Нұр-Сұлтан қаласында соңғы жылдары көптеген мәдениет ғимараттары бой көтерді. «Астана Опера» театры мен «Қазақстан» орталық концерт залы сияқты өнер ордалары сәулет өнерінің соңғы үлгілерімен салынған.

Ең бастысы, «Адам-Қала-Табиғат» симбиозына ерекше мән берілген. Қала тұрғынының жан-жақты дамуы үшін және салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай жасалған. Осының бәрі қала мәдениетінің жоғары деңгейге көтерілуіне апаратын төте жол екені айтпаса да түсінікті.

Мен – он жылға жуық уақыт бойы осы ару қаланың тұрғынымын. Астана өмірімнің мәніне айналды. Мұнда дана халқымның жүріп өткен жолы түгел көз алдыма келеді. Тіпті болашақта жүргендей күй кешесің. Ата-ананың алдында перзенттік парызың болады.

Бір қызығы, осыны ешкім шекеңе шертіп тұрып айтпаса да, шамаң келсе, өтеуге ынтазар болып жүресің. Күн көзіндей елжіреген мейірім, өзіңе деген ұлы махаббат осыны сездіреді.

Сәт сайын жақсылық жасауға асығасың.

Бала күнімде Сәбит Мұқановтың «Алыптың адымдары» деген шығармасын оқып едім, сондағы секілді, баяғының батырларындай жыл санап емес, күн санап көз алдымда өсіп келе жатқан астанамыздың сұлу келбетін көріп отырып, кең байтақ Отанымның қарышты қадамын елестегендей болады.

Тынысымыз бір, ырысымыз ортақ қуатты Қазақстаныма сүйсінемін! Менің қазіргі таңдағы ең үлкен арманым – астананың Орталық Азия елдері арасында жарқын мәдени мегаполиске айналуына және халықаралық туристік ағымының қаламызға көптеп тартылуына бар күш-жігерімді жұмсау.

Салтанат
Фото: Салтанат Назарымбетованың әлеуметтік желісінен

Әр асқақ ой ақиқатқа айналып, шұғылалы нұр еліме шашылса екен. «Нұр Отан» партиясының праймеризіне қатысып, сайлауалды бағдарламамның басты мақсатына айналған осы армандарымды жүзеге асырсам деймін.

Елорданың Еуразиялық кеңістік елдерінің астаналары арасында көш бастауы болуы жолында тер төгіп, мәдени-білім беруге бағытталған көшбасшылық идеясын алға тарта отырып, қазақ тілінің кең таралуына ықпал жасаймын.

Туризмнің медициналық, білім беру және гастрономиялық түрлеріне баса назар аудара отырып, елорданың туристік әлеуетін дамытудың арнайы бағдарламасын жасауға атсалыссам деймін.

Қала аудандарындағы балалар мен жастардың білім беру және ойын-сауық кеңістігін дамыту, пайдаланылмай тұрған коммуналдық меншік нысандарын шығармашылық кеңістікке айналдыру және көше фестивальдері, гастрономиялық турлар, сондай-ақ басқа да көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру – менің бағдарламамның өзегі.

Сонымен бірге елордада қызмет көрсету деңгейін жақсарту бағдарламасын әзірлеп, бизнес-қауымдастықты, шағын және орта бизнесті осы бағдарламаны іске асыруға тарту арқылы көптеген шаруаларды жүзеге асыруға болатынына сенімдімін.

Салтанат
Фото: Салтанат Назарымбетованың әлеуметтік желісінен

Astana Hub-пен бірге алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, қазақстандық мазмұнды, оның ішінде қазақ тіліндегі контентті дамыту қажеттілігі де менің басты назарымда болатынына уәде беремін.

Осы орайда қоғамдық көліктерде және барлық жол пайдаланушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін «Мәдениетті жолаушы» бағдарламасын жасап, оны жүзеге асыруды көздеп отырмын.

Аулалар мен іргелес аумақтарда тазалық пен тәртіпті сақтау бойынша тұрғын үй кешені, ПИК арасында үнемі бәсекелестік ұйымдастыру, қала тұрғындарының экологиялық қозғалысын жандандыру сияқты жұмыстарды іске асыруды бір жүйеге келтіру – менің бағдарламамдағы басты бағыттар.

Әрине, бұл жұмыстар бәріміз бірігіп, белсене араласқанда ғана орындалатыны сөзсіз. Өйткені, мегаполис мәдениетінің жоғары деңгейге көтерілуі әрқайсымыздан басталады.

Қазақта «Баланы жастан» деген мақал бар.

Құрметті партияластар! Сіздер маған дауыс беру арқылы, ӨЗ балаңыздың болашағына дауыс бересіздер!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1874120-megapolis-mdenieti-zimizden-bastalady/

pixel