RU

Алмазбек Атамбаев аштық жариялады

Алмазбек Атамбаев
Фото: © Sputnik / Табылды Кадырбеков

Алмазбек Атамбаев Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторынан №1 тергеу изоляторына ауыстырылды. Қырғызстанның экс-президентінің адвокаты Сергей Слесарев оның аштық жариялағанын мәлімдеді деп жазады Sputnik Қазақстан.

Экс-президентті не үшін басқа оқшаулағышқа ауыстырғаны әзірге белгісіз. Мемлекеттік жазаны орындау қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме бемеді деп жазады Sputnik Қырғызстан.

"Біз медициналық қызмет алу үшін Алмазбек Шаршенұлын № 47 колонияға ауыстыруын сұраған едік. Бірақ, оны СИЗО–1-ге, жертөленің орын-жайына ауыстырды, ол жерде бұрын өлім жазасына кесілгендерді ұстайтын. Кәріз жүйесі жұмыс істемейді, камераның есіктері ашық, жылу жақында ғана қосылды. Осыған байланысты бүгін менің қорғалушым аштық жариялады", - деді Слесарев.

5 қазан күні Бішкекте митинг өтіп, наразылық білдірушілер парламент ғимаратын басып алған еді. Олар Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастарын, Садыр Жапаров пен түрмеде отырған басқа да саясаткерлерді босатқан болатын.

Алайда 10 қазанда Алмазбек Атамбаев пен босатылғандардың бір бөлігі қайта ұсталды.

Артынша, Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың әйелі Раиса Атамбаева «Известия» басылымына күйеуінің қалай тұтқындалғаны туралы айтып берген болатын. Оның айтуынша, бұрынғы мемлекет басшысы үйден кеткісі келмеген. Раиса Атамбаева балалармен бірге асығыс кетіп қалуға тырысқанымен, алысқа барып үлгермепті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1881572-almazbek-atambaev-astyk-zarialady/