Полицейлердің жалақысы көтеріледі: Президент тапсырма берді
Опубликовано:

Мемлекет басшысы ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісін өткізді. Жиналыс кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіп сақшыларының жалақысын көтеруді тапсырды деп хабарлайды Ақорда.
Президент полиция қызметкерлерін жан-жақты әлеуметтік қолдау негізгі міндеттердің бірі екенін айтты.
Тоқаев тәртіп сақшыларына баспана жалдауға өтемақы ретінде 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетінін жеткізді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы мақсаттарға қосымша 10 миллиард теңге бөлінеді.
Бұл шара аясында кезекші бөлімнің қызметкерлері, қарауыл қызметі, арнайы күзет ұйымдары, ведомстволық оқу мекемелері және қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері қамтылып, жалпы 8 мың адамға қолдау көрсетіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер саласы қызметкерлерінің еңбекақысы төмен екенін де атап өтті. Бұл көптен бері қордаланған мәселелерді бірі. Осыған орай, ол Үкіметке 3 жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбекақысын 30 пайызға көтеру туралы тапсырма берді.
Еске сала кетейік, осы жиын барысында сөз сөйлеген президент келесі жылы Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, заңға сәйкес азаматтардың және жалпы мемлекеттің қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндірмейтін қылмыстары үшін жауапқа тартылғандарға рақымшылық жасалатындығын мәлімдеді.
Айте кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновты қабылдаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1882148-policejlerdi-zalakysy-kteriledi-prezident-tapsyrma-berdi/