RU

Тоқаев халықты карантин шараларын сақтауға шақырды

Тоқаев1
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды денсаулық сақтау министрлігінің нұсқауын орындауға шақырды. Президент өзінің Twitter парақшасында коронавирусқа қатысты жағдай көптеген елде нашарлағанын жазды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Көптеген шет елдегі коронавирус індетінің таралу жағдайы алаңдатарлық. Барлық жерде қатаң шаралар, оның ішінде, локдаун тәртібі қайта қабылданып жатыр. Қазақстандықтарды Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарын ұстанып, карантин шараларын сақтауға шақырамын.

Үкімет бизнес пен экономиканың мүдделерін негізге ала отырып жұмыс істейді. Пандемияның бірінші толқынымен күрес тәжірибесі ескерілді. Әкімдерге эпидемиологиялық жағдайға орай шешім қабылдауды тапсырамын. Бірақ бар мәселе азаматтардың өзіне тікелей байланысты", - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек,елімізде коронавирус жұқтырғандар саны күннен күнге артуда. Мәселен өткен тәулікте COVID-19 инфекцияcы 392 адамнан анықталғаны белгілі болды.

Ал 29 қазанда 268 азаматтың коронавирус жұқтырғаны анықталған еді.

Сондай-ақ еліміздің барлық дерлік аймағында карантин шаралары күшейтілуде. Мәселен Шығыс Қазақстан облысында 1 қарашадан бастап 13 блок-бекет жұмыс істейді.

Сонымен қатар Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья президентке коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның әзірлену барысы туралы баяндаған болатын.

Оныңи мәліметінше, бүгінгі таңда институттың базасындағы бес платформада коронавирусқа қарсы вакциналар дайындалуда. Институт әзірлеген белсенді емес вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында мақұлданып, клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңінен өткен және қазіргі уақытта Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығында зерттеудің екінші кезеңі жүргізіліп жатыр екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1882355-tokeav-halykty-densaulyk-saktau-ministrligini-nskaularyn-oryndauga-sakyrdy/