Тоқаев: Қазақстан Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмектесуге дайын
Опубликовано:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады деп хабарлайды Ақорда.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Измир провинциясындағы жер сілкінісі салдарынан қайтыс болған және зардап шеккен азаматтар туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алды.
"Сізге және осы табиғи апатта жақындарынан айырылған отбасыларға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтып, орны толмас қайғыға ортақтасамын. Жарақат алған адамдардың тез арада отбасыларына қайта оралуларына дұға етеміз. Бауырлас түрік халқына шынайы тілекші ел ретінде, қажеттілік туындаған жағдайда, қазақ халқы мен Үкіметі тиісті көмек көрсетуге дайын", – делінген жеделхатта.
Айта кетейік, Түркияда болған жер сілкінісінен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. Еліміздің сыртқы істер министрлігі осындай ақпарат таратты. Ал Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі көмек қажет азаматтарымыз болған жағдайда хабарласуға болатын байланыс номерлерін жариялады. Соңғы мәліметке сәйкес, Эгей аймағындағы табиғи апаттан 20 адам опат болды. Тағы 800-ге жуығы жарақат алған. Дүмпудің күші 6,6 балға жетіп, 30 секундқа ұласқан.
Елдің ішкі істер министрлігі мәлімдемесіне сәйкес, Измирдің Байраклы және Борнова аудандарында кемі 20-дан астам тұрғын үй жермен жексен болған. Қазір іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Мұнан бөлек жүздеген тұрғын үй мен мекемеге зақым келген. Зілзала болған ғимараттардың жанында тұрған көліктер үйінді астында қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1882443-tokaev-kazakstan-trkiadagy-zer-silikinisinen-zardap-sekkenderge-kmektesuge-dajyn/