RU

Венадағы теракт: Тоқаев Австрия халқына көңіл айтты

Фото
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Австрия үкіметі мен халқына Венада болған террористік актке байланысты көңіл айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Бұл туралы президент Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

"Венадағы жантүршігерлік терактіні ешқандай ақтап алуға болмайды. Австрия үкіметі мен халқының қайғысына ортақпын. Халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін терроризмге, адамзатты жеккөрушілік идеологиясы мен әрекетіне қарсы тиімді біріктіру керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге сала кетейік, 2 қараша күні кешке белгісіз біреулер Венадағы синагога маңында оқ атқан. Салдарынан бірнеше адам қайтыс болып, 15 адам зардап шеккен. Ел билігі бұл шабуылды "теракт" деп атады.

Кейін Вена полициясы террористік акт туралы ресми мәлімдеме жасады. Олардың мәліметінше, террористер қаланың алты түрлі жерінде оқ жаудырған.

Кейбір мәліметтер бойынша, жиһадшылар шабуылға жауапкершілікті өз мойнына алған. Олар бұл оқиғалар Австрияның "Ислам мемлекетіне" (бұл ұйымға Қазақстанда тыйым салынған - ред.) қарсы коалицияға қатысқаны үшін жазасы болғанын айтты.

Сонымен қатар шабуыл жасаушылардың ұсталған сәтінен видео әлеуметтік желілерде тарап кеткен.

Алайда елдің Ішкі істер министрлігі әзірше бейнежазбаларды тексеріп жатқандықтарын және шабуыл жасаған лаңкестердің ұсталу сәті камераға түсіп қалған-қалмағанын нақты растай алмайтындықтарын алға тартқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1882874-venadagy-terakt-tokaev-avstria-halkyna-kil-ajtty/