RU

Тоқаев қорғаныс министріне тапсырма берді

Тоқаев пен Ермекбаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевты қабылдады деп хабарлайды Ақорда.

Кездесуде президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың Қазақстан Қарулы Күштерінің негізгі даму бағыттары жөніндегі баяндамасын тыңдаған.

Бұл ретте қазіргі әскери қақтығыстардың тәжірибесі сөз болған.

Сонымен қатар кездесуде Қазақстан армиясының инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жетілдірудің перспективалары және әскерді ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары сияқты заманауи қару-жарақ түрлерімен жабдықтау мәселелері қарастырылған.

Сонымен бірге мемлекет басшысына халықаралық әскери ынтымақтастық пен бітімгершілік іс-қимылдардың ахуалы туралы ақпарат берілген.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа әскери қызметшілердің тұрмыстық және әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды сапалы киім-кешекпен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде баяндалған.

Жоғарғы бас қолбасшы талқыланған мәселелердің өзектілігін ескере отырып, қорғаныс министрлігінің әскери алқа отырысын ұйымдастыруға тапсырма берді.

Жиында 2020 жылғы әскери дайындықтың қорытындылары жасалып, алдағы кезеңде атқарылатын міндеттер айқындалады.

Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевпен және Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановпен кездескен еді.

Асанов президентке сот жүйесіне әкімшілік әділет механизмін енгізу барысы жайында баяндаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1883278-tokaev-korganys-ministrine-tapsyrma-berdi/