RU

Тоқаев АҚШ-тағы сайлауда жеңіске жеткен Байденді құттықтады

Тоқаев1
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-та өткен президент сайлауында ең көп дауыс жинап, жеңіске жеткен Джо Байденді құттықтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ

"Джо Байден мырзаны Америка Құрама Штаттарының президенті болып сайлануымен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекеттеріміз арасында өзара қызығушылық тудыратын салаларда берік ынтымақтастық орнайтынына үміттенеміз", - деп жазды Тоқаев өзінің Twitter парақшасында.

Естеріңізге сала кетсек, күні кеше АҚШ-та өткен президент сайлауында демократтар атынан бақ сынаған Джо Байденнің жеңіске жеткені туралы хабарлаған едік.

Екі басты үміткер Дональд Трамп пен Джо Байден арасындағы бәсеке өте тартысты өтті, соңғы минуттарға дейін кімнің жеңіске жететінін болжап айту мүмкін болмады.

Айта кетерлігі, Джо Байденнің саясатта үлкен тәжірибесі бар: ол өмірінің 35 жылын АҚШ Сенатында өткізген, содан соң сегіз жыл АҚШ вице-президенті лауазымын иеленді. Бұл қызметке ол Барак Обаманың командасымен келген болатын.

Оның бағдарламасы түгел дерлік Трамптың ұсынған бағдарламасына қарама-қайшы құрылған.

Ол бес миллион жұмыс орнын құрып, ірі корпорацияларға салықты көбейтпек. Сондай-ақ, ол Дональд Трамп енгізген иммиграциялық тыйымды жоюды жоспарлайды.

Біз бұған дейін Трамп АҚШ-тың Жоғарғы сотын сайлау нәтижесін тезірек шығаруға шақырғанын жазған едік.

Одан бөлек, сайлау нәтижесі шыққанға дейін Джо Байден жеңіске жету үшін қажетті 270 сайлаушы дауысын жинай алатынын мәлімдеген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1883542-tokaev-aks-tagy-sajlauda-zeiske-zetken-bajdendi-kttyktady/