RU

Тоқаев ШЫҰ мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысады

Тоқаев1
Фото: Alexander Astafyev\TASS via Getty Images

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі ресми парақшасында хабарлады.

Уәлидің ақпаратына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қараша күні видеоконференция форматында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына қатысады. Кеңес Ресей Федерациясының төрағалығымен өтеді.

Саммиттің күн тәртібінде коронавирус пандемиясының әлемнің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізген кері әсері кезінде Ұйым аясындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың басым бағыттары қарастырылады деп жоспарланып отыр.

ШЫҰ елдерінің басшылары халықаралық және аймақтық деңгейдегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады.

Сонымен қатар жиында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерреш бейне үндеу жасайды.

Кездесу қорытындысы бойынша Мәскеу декларациясы және басқа да бірқатар құжат қабылданады деп жоспарланған.

Еске салсақ, мемлекет басшылары қатысады деп жоспарланған Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумы эпидемиологиялық жағдайдың қиындай түсуіне байланысты кейінге шегерілген еді.

Сонымен қатар, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі бойынша кеңес өтті. Ақтоты Райымқұлова ғылыми тұрғыдан зерделенген әліпби жобасын ұсынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1883802-tokaev-sy-memleket-bassylary-keesini-otyrysyna-katysady/