RU

Әлиев: Армения Қарабақта инфрақұрылымды қиратқаны үшін жауап береді

Ильхам Әлиев
Ильхам Әлиев. Фото: mehriban-aliyeva.az

Үшжақты келісімге қол қойылғаннан кейін Әзербайжан әскерилерінің бақылауына өткен Физулин және Джабраиль аудандарына ел президенті Ильхам Әлиев барды. Ол Армения Таулы Қарабақ аумағында инфрақұрылымды бұзғаны үшін халықаралық сотта жауап береді деп мәлімдеме жасады.

Ильхам Әлиевтің сөзінше, ол 30 жылдың өтемақысын талап етеді.

Әзербайжан көшбасшысымен бірге аталған аудандарға елдің бірінші ханымы Мехрибан Әлиева да барып, Instagram желісінде президенттің сөзінен үзінді жария еткен.

"Қарсылас бүкіл инфрақұрылымды қиратты. Олар барлығы үшін халықаралық сотта жауап береді. Мен бұрын айтқанмын, халықаралық құрылымдар, сарапшылар тартылатынын, барлық шығындар есептелетінін және біз 30 жылға өтемақы талап ететіндігімізді тағы да қайталағым келеді. Осы күндері олар Кельбеджарды, үйлер мен ормандарды қиратты. Осылардың барлығы үшін де олар жауап беерді", - деді Әлиев.

Еске сала кетейік, 10 қараша күні Әзербайжан, Армения және Ресейдің Қарабақ туралы келісімі жарияланғаны белгілі болды.

Таулы Қарабақ үшін күрес Әзербайжан мен Армения арасында 27 қыркүйектен бастап, яғни 1 ай 14 күнге жалғасты. Осылайша, 10 қараша күні Армения, Әзербайжан және Ресей басшылары Таулы Қарабақтағы соғыстың аяқталғанын жариялады.

Кейінірек, Қарабақтан кетуге бел буған армяндар бар дүние-мүлкін алып, үйлерін өртеп жатқаны хабарланды. Олар баспаналары әзербайжандықтарға тиесілі болмас үшін осындай қадамға барған деген ақпарат тарады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1885043-liev-armenia-karabakta-infrakrylymdy-kiratkany-sin-zauap-beredi/