RU

Жеке ұшақ, қымбат көліктер: Ертаев пен Ибрагимнің қандай мүліктері тәркіленді

Жомарт Ертаев
Фото: ru.wikipedia.org

Алматы соты RBK Bank-тен 144 миллиард теңге ұрлаған бұрынғы банкирлер Жомарт Ертаев пен Бақыт Ибрагимнен жәбірленушілер пайдасына 59 миллиард теңге өндіріп алды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Судья Роман Селицкий Жомарт Ертаев пен Бақыт Ибрагимді жәбірленушілерге 59 миллиард теңге төлеуге міндеттеді. Өтеу сомасына келесі мүліктер мен қаражат енді:

- 510 миллион теңге көлеміндегі ақша мен акциялар;

- 530 миллион теңге көлеміндегі түрлі мүлік;

- 13 199 517 598 теңге көлеміндегі Alma Telecommunication Kazakhstan АҚ акциялары;

- шамамен 3,4 миллиард теңге тұратын ұшақ;

- Мәскеудегі пәтер;

- Range Rover, Mercedes Maybach және өзге бизнес санатындағы көліктер;

- курорттық аймақтағы әрқайсы 180 шаршы метр болатын екі коттедж;

- аумағы 2 458 шаршы метрді құрайтын үшқабатты әкімшілік ғимарат;

- 0,69 гектар жер учаскесі бар аумағы 693,3 шаршы метр болатын өнеркәсіптік база;

- жалпы сомасы 10 миллиард теңгеден асатын бірнеше жер учаскесі.

Өзге сотталушылардан да шығын сомасын өтеу туралы арызды сот қанағаттандыруды ұйғарды. Олар арасында жалпы сомасы 4,5 миллиард теңгеден астам шығын сомасын өз еркімен өтеу туралы меморандум жасалған еді.

Зардап шеккендерге 1 158 853 746 теңгені құрайтын қаражат ақшалай, көлік, үй және пәтер түрінде қайтарылды. Lexus, Audi, Mercedes, және өзге көліктер, тұрақ орны, қымбат кешендердегі пәтерлер, алтын монеталар,құны 600 мың долларға баратын брендтік сағаттар мен есепшоттардағы 2,3 миллион доллардан астам қаражат тәркіге алынды.

Шығынның жалпы сомасы 54,3 миллиард теңге (126,2 миллион доллар) шамасында бағаланып отыр.

Еске салсақ, бұған дейін біз оңтүстік астанада бұрынғы қазақстандық банкир Жомарт Ертаев басты күдікті ретінде қаралып жатқан қылмыстық іске қатысты сот басталғанын жазған едік.

Кейін Жомарт Ертаевтың 11 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды. Бұрынғы банкир Bank RBK иелігіндегі 144 млрд теңгені ұрлау ісінде кінәлі деп танылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1885063-zeke-sak-pen-kymbat-klikter-ertaev-pen-ibragimni-kandaj-mlikteri-trkilendi/