"Ауыл" партиясы қазақи құндылықтарды қорғайтын заң қабылдауды ұсынбақ
Опубликовано:

Бүгін, 18 қарашада "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XVIII съезі болды. Жиын барысында партия өкілі Дәурен Қуат мәдени құндылықтарды қорғайтын заң жобасын қабылдауды ұсынды деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Дәурен Қуат съезд барысында бұған дейін ұлттық аспап - домбыраны сындырған жігітті сөз етті.
Партия өкілінің айтуынша, домбыраның 6 мың жылдық тарихы бар. Ол домбыраны сындырғандардың әрекетін вандализм деп атады.
"Ол "Мен сол кезде байқамай қалыппын" деп кешірім сұрай салады. Оны біз кешіре саламыз. Жарайды, кез келген адам оғаш қылықтар жасайтындықтан, кешіруге болады. Бірақ ертең осы әрі қарай жалғасып жатса не болмақ? Біреу домбыраны жарса, екінші біреудің намысына, ар-ожданына тиеді емес пе?
Осыдан кейін барып домбыраны жарған адамның басын таспен жарса не болады? Осындай олқылықтарға, тосын оқиғаларға жол бермес үшін біздің партиямыз мәдени құндылықтарды қорғайтын заң жобасын ұсынуы керек шығар деп ойлаймын", - деді Дәурен Қуат.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1885276-auyl-partiasyny-kili-mdeni-kndylyktardy-korgajtyn-za-kabyldaudy-syndy/