RU

Сенат республикалық бюджет туралы заң жобасын мәжіліске кері қайтарды

Фото
Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Парламент сенаты мәжіліс мақұлдаған 2021–2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасына 39 түзету енгізіп, төменгі палатаға жіберді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Заң жобасын талқылау барысында сенаторлар 91 түзету енгізген. Оның 39-ы қабылданып, 52-і мақұлданған жоқ.

Заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған депутат Нұрлан Қылышбаев бұл заң жобасын талқылау кезінде тұрақты комитеттер мен депутаттардан 743,8 миллиард теңге қосымша қаржыландыруды қажет ететін 91 ұсыныс келіп түскенін, оның ішінде 2021 жылға – 419,1 миллиард теңге екенін атап өтті.

Оның сөзінше, үш жылдық кезеңге 20 миллиард теңгеге ұсыныстар қолдау тапқан, оның ішінде 2021 жылға – 15 миллиард теңге.

Шығыстарды қайта бөлу негізінде қосымша қаржы мына бағыттарға жұмсалатыны белгілі болды:

  1. газдандыруға - 2,7 миллиард теңге, оның ішінде 2021 жылға – 2,1 миллиард теңге;
  2. тұрғын үй салу және қайта жабдықтауға – 6 миллиард теңге, оның ішінде 2021 жылға – 4 миллиард теңге;
  3. инфрақұрылымдық және өзге де жобалар,а - 6,7 миллиард теңге, оның ішінде 2021 жылға - 4,6 миллиард теңге.

Сондай-ақ, депутаттардың басқа да ұсыныстары қолдау тапқан.

Сенат "2021–2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасына енгізілген түзетулерді қабылдап, мәжіліске жолдады.

Мәжіліс мақұлдағаннан кейін заң президенттің қол қоюына жіберілмек.

Еске сала кетсек, осыған дейін сенат Ұлттық қордан 2021 – 2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңды қабылдағанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1885478-senat-respublikalyk-budzet-turaly-za-zobasyn-mziliske-keri-kajtardy/