RU

БАҚ: Ауыл шаруашылығы министрлігінің шенеунігі 500 млн теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталды

Тұрсын Қабдұлданов
Тұрсын Қабдұлданов. Фото: ortcom.kz

"Время" басылымы ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдұлдановтың ұсталғаны туралы хабарлады. Басылымның дерегінше, шенеунік пен оның әріптесі 500 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінген.

Басылымның жазуынша, 59 жастағы шенеунік 18 қарашада Республикалық ветеринариялық зертхана ісін тергеу аясында тұтқындалған. Айта кетсек, зертхана басшысы Нұрлан Сбанов өткен айдың ортасында ұсталған болатын.

Басылым деректеріне сәйкес, шенеуніктер жарты миллиард теңгені жымқырған деген күдікке ілінген. Оларға ірі қара мен ұсақ малдың хламидиозын диагностикалауға бөлінген қаражатқа қатысты айып тағылып отыр.

Басылым жазған ақпаратқа сүйенсек, үш жыл бұрын Тұрсын Қабдұлданов ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы бола отырып, диагностикалық зерттеулерді есептеу әдістемесін бекіткен.

Осы құжатқа сәйкес, Қазақстанға әкелінген асыл тұқымды жануарлар бірқатар ауруларға тексерілуі тиіс. Алайда барлық жануарларды емес, тек соңғы жылы әкелінгендерді ғана тексеру керек болған.

2017 жылы Қазақстанға 8 мыңнан азырақ ірі қара әкелінген. Алайда Қабдұлданов сол жылдың соңында бұйрыққа қол қойып, соған сәйкес ел аумағындағы 722 мың ірі қараға диагностика жасалуы керек болған. Ол үшін бюджеттен 400 мың доза тест жүйелерін сатып алуға қаражат бөлінген деп жазады мақала авторы.

Бұл препараттар аймақтарға жіберілгенімен, олар осыншама дозаны не істеу керектігін білмеген. Нәтижесінде тест жүйелері есептен шығарылған немесе басқа мақсаттарда пайдаланылған. Басылымның жазуынша, сайып келгенде мұның бәрі миллиондаған шығындарға әкелген.

Ақпаратты "Издательство "Время" ЖШС рұқсатымен ғана көшіріп, пайдалануға болады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаевқа тінту жүргізілді деген ақпарат тараған еді. Әзірге органдар бұл хабарды не растап, не жоққа шығармады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1885492-bak-auyl-saruasylygy-ministrligini-seneunigi-500-mln-tegeni-zymkyrdy-degen-kdikpen-staldy/