Қазақстан коронавируспен күресу үшін 1,5 млрд еуро қарыз алмақ
Опубликовано:

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәжілістің пленарлық отырысында Қазақстан Азия инфрақұрылымдық инвестициялар және Азия даму банкінен 1,5 млрд еуро қарыз алуды жоспарлап отырғанын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қазақстан Азия инфрақұрылымдық даму банкінен 660 млн еуро және Азия даму банкінен 900 млн еуродан астам ақша алады.
Алынған қаражатты коронавирус пандемиясымен күресу және экономиканы қалыпқа келтіру мақсатында пайдалану жоспарлануда.
Бұл нормалар "Қазақстан Республикасы мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы несиелік келісімді ратификациялау туралы" және "Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы несиелік келісімді ратификациялау туралы" заң жобаларында белгіленген.
Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, бірінші келісімде 661 млн 800 мың еуроға қол қойылған. Бұл қаражат 2021 жылғы бюджет тапшылығын қаржыландыруға және коронавируспен күресу бойынша үкіметтің шараларын қолдауға жұмсалады.
Қарыз үш жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда, 10 жыл мерзімге беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі ‒ Еурибор+0,50%.
Екінші келісім 908 млн 596 мың еуроға жасалған. Қарыз 2021 жылғы бюджетті қаржыландыруға да бағыттлған.
"Бұл үкіметтің COVID-19 салдарымен күрес және экономиканы қалпына келтіру жөніндегі шараларын қолдауға мүмкіндік береді", - деді министр.
454 миллион 298 мың еуро болатын қарыздың бір бөлігі – үш жылдық жеңілдік кезеңді қоса алғанда, 10 жыл мерзімге беріледі. Ал қалған 454 миллион 298 мың еуро бес жылға беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі ‒ Еурибор+0,50%
Министр қарызға қызмет көрсету және оны өтеу республикалық бюджет есебiнен жүзеге асырылатынын атап өтті.
"Бұл несиелік қаражат белгіленген бюджет тапшылығы жағдайында келісімнің жақын арада күшіне енуі маңызды. Өйткені Азия даму банкі пандемияға қарсы күрес жөніндегі арнайы шешімімен Қазақстан үшін бұл ақшаны 2020 жылға резервтеп қойған", - деді Ерұлан Жамаубаев.
Еске сала кетсек, елімізде несие аламтын азаматтардың саны артқанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1886183-kazakstan-koronaviruspen-kresu-sin-15-mlrd-euro-karyz-almak/