RU

Тоқаев мәжіліс және мәслихат сайлауы туралы: Жіті қадағалаймын

Тоқаев
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

"Nur Otan" партиясының кезектен тыс XX Съезінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың басында өтетін мәжіліс және мәслихат депуттары сайлауының маңыздылығы туралы айтып берді деп жазады Қазақпарат.

Президент тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мәжіліс және мәслихат депуттарының сайлауымен басталатынын атап өтті. Мемлекет басшысының сөзінше, мұның символдық мәні зор.

"Бұл дода барлық мерейтойлық іс-шараларға идеологиялық және мазмұндық тұрғыдан тың серпін беретіндігі анық. Алдағы сайлау қоғамның біртұтастығын және береке-бірлігімізді бекемдей түседі деп сенемін", - деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл науқан ашық, әділ әрі заңды өтуі үшін барлық жағдай жасалатындығын жеткізді.

"Мемлекет басшысы ретінде мұны жіті қадағалаймын", - деді ол.

Президент осыған орай Орталық сайлау комиссиясына және Бас прокуратураға нақты тапсырма бергенін айта келе, барша сайлаушыларды азаматтық белсенділік танытып, сайлауға қатысуға шақырды.

"Еліміздің игілігі және мемлекетіміздің мүддесі жолында табысқа бірге жете берейік. Отанымыз мәңгі жасасын! Халқымыз әрқашанда аман болсын!", - деді мемлекет басшысы.

Еске салсақ, бұған дейін мемлекет басшысы мәжіліс депутаттарының сайлауы өтетін күнді белгілеген болатын. Оған сәйкес мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы 10 қаңтар күні өтеді.

Сонымен қатар президент парламент мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауын тағайындауға қатысты үндеуін жариялаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1886430-ziti-kadagalajmyn-tokaev-mzilis-zne-mslihat-sajlauy-turaly/