RU

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қандай күдікке ілінгені белгілі болды

Әлихан Қыраубаев
Әлихан Қыраубаев. Фото: inbusiness.kz

Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Әлихан Қыраубаевқа не себепті тінту жүргізілгенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта лауазымды тұлғаға қатысты әлеуметтік сұйытылған газ көлемін тарату кезінде қызмет бабын асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу деректері прокурордың рұқсатымен ғана жария етілуі мүмкін екенін атап өтті.

"Осыған байланысты сотқа дейінгі өндіріс туралы қосымша ақпарат алу үшін прокуратура органдарына жүгінуге болады", - деді ведомствоның баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін "Время" басылымында елорданың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресушілері аймақтарды сұйытылған газбен қамтамасыз ету бойынша күрделі схеманы шешіп жатыр деген мақала жарияланған болатын.

Белгілі болғандай кейбір облыстар көгілдір отынды қажет мөлшерден көбірек алған. Сонымен қатар шикізатты қайта сатып, мемлекет шығынға ұшыраған. Басылым Нұр-Сұлтанда да, аймақтарда да шенеуніктердің мұндай айла-шарғы жасау ықтималдығы бар деп болжаған.

Еске сала кетсек, 18 қарашада БАҚ беттерінде Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаевқа тінту жүргізілді деген ақпарат пайда болған еді.

Сонымен қатар БҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы Болатбек Каюповтың да ұсталғаны туралы мәлімет жария болды.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/1886473-magystau-oblysy-kimini-orynbasary-kandaj-kdikke-ilingeni-belgili-boldy/