RU

Павлодар облысының әкімі президентке 10 айда атқарылған жұмыс жайында есеп берді

Фото
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовты қабылдады деп жазады Ақорда.

Кездесу барысында президентке Павлодар облысындағы биылғы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы жайында баяндалған.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалады. Облыс әкімінің айтуынша, "Жұмыспен қамту" Жол картасы шеңберінде 227 жоба іске асқан. Бүгінде оның 77 пайызы толық аяқталған. Қалған 23 пайызын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Әбілқайыр Сқақов өңірдегі денсаулық сақтау саласы бойынша жүзеге асырылған жұмыстар жайында да айтқан. Оның ішінде, коронавирус пандемиясын ауыздықтауға қатысты қабылдаған шараларды атап өтті.

Аймақ басшысы бүгінде жағдай күрделі болғанымен, толық бақылауда тұрғанына, ауруханалар медициналық құралдармен жабдықталып, дәрі-дәрмек қорының жеткілікті екеніне тоқталды. Сонымен қатар 600 медицина қызметкерінің білімі жетілдірілген. Өңірде жаңадан 4 ПТР сынамасын алатын лаборатория ашылған. Облыста күніне 3 мыңға жуық ПТР сынамасы алынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысының республикадағы маңызды аймақтардың бірі екенін, өңірге жан-жақты қолдау көрсетілетін айтты. Президент облыс әкіміне халықты жұмыспен қамту жұмыстарын жалғастырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын түсірмеуге байланысты бірқатар тапсырма берді.

Фото
Фото: Ақорда

Еске сала кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың есебін тыңдаған еді.

Сонымен бірге президент Қазақстанда мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейтілетінін мәлімдеген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1886701-memleket-bassysy-pavlodar-oblysyny-kimi-bilkajyr-skakovty-kabyldady/