RU

Нұр-Сұлтан мен Алматыда жүрген шымкенттіктердің саны қанша

Нұр-Сұлтан қаласы
Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Нұр-Сұлтан мен Алматыда жұмыс істеп жүрген жерлестерінің санына қатысты түсініктеме берді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте астанада жүрген шымкенттіктердің санына қатысты сұрақ қойылды. "Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан мен Алматыда Шымкенттен келген және жұмысқа тұрған адамдардың нақты саны қанша?", - деді модератор.

Осы сұрақты естіген қала басшысы күліп жіберді. "Өте қызықты сұрақ екен", - деді Әйтенов. Оның айтуынша, қазіргі кезде ондай статистика жүргізілмейді. 

"Дегенмен, олардың саны жетерлік (күлді). Енді, бір елде, бір республикада тұрамыз ғой. Ондай статистика жүргізілмейді деп ойлаймын. Алайда ондай мәлімет қолымызға түссе, бірден жариялайтын боламыз", - деді Әйтенов.  

Айта кетейік, ақпан айында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов халықтың саны 1 миллион 200 мыңға дейін жеткенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, жыл сайын астана тұрғындары 50 мың адамға көбейіп отырады. Алматыда халықтың саны 1 миллион 900 мыңнан асты.

Еске сала кетсек, 2020 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан халқының саны 18 млн 632 мың 200 адамды құраған болатын.

18 млн 632 мың 200 адамның 10 млн 893 мың 800-і немесе 58,5% - қалаларда, 7 млн 738 мың 400 мыңы немесе 41,5% ауылдарда тұрады.

Жалпы халық санының 9 млн 34 мың 300-ін немесе 48,5% – ерлер, 9 млн 597 мың 900-ін немесе 51,5% әйелдер құрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1887862-nr-sltan-men-almatyda-zrgen-symkenttikterdi-sany-kansa/