RU

Тоқаев: Келесі аптада Ресеймен COVID-19-ға қарсы вакцина өндірісін іске қосамыз

Қасым-Жомарт Тоқаев отырыста
Фото: Ақорда

ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев келесі аптада Қазақстан Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосатынын мәлімдеді. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жазылған.

Бейнеконференция режимінде өткен іс-шараға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан президенттері де қатысқан.

Жиын барысында бірқатар маңызды мәселелерді талқылаған Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар ұсыныс жасады, оның ішінде, коронавирус індетіне бірлесе қарсы күресуге қатысты ойын ортаға салды.

"Бүгінгі күннің ең басты міндеті – азаматтарымыздың коронавирусқа қарсы вакцинаға кең көлемде қол жеткізуіне мүмкіндік жасау. Осы орайда COVID-19 індетіне қарсы жаһандық күресте әлемде бірінші болып вакцинасын тіркеген және халыққа екпе жасай бастаған Ресей Федерациясының жетекші рөлін атап өткім келеді.

Қазақстан да өзінің вакцинасын әзірлеп жатыр. Оның сынамалары жақсы нәтиже беруде. Біз келесі аптада Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосамыз. Ол ресейлік те, қазақстандық та өнім ретінде экспортқа шығарылады", – деді мемлекет басшысы.

Президент әріптестерін өздерінің сыртқы саясат ведомство басшыларына БҰҰ аясында Ауруларды бақылау және биологиялық қауіпсіздік жөніндегі аймақтық орталықтар желісін, сондай-ақ, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру жайындағы Қазақстанның БҰҰ-да жасаған ұсынысын қолдау үшін тапсырма беруге шақырды.

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылған. Нақтырақ айтсақ, ТМД-ны одан әрі дамытудың тұжырымдамасына және осы Тұжырымдаманы іске асырудың негізгі іс-шаралар жоспарына, БҰҰ-ның құрылғанына 75 жыл толуына орай Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесіне, Халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев президент лауазымындағы басты міндеті не екенін айтқан еді.

Одан бөлек, Тоқаев президент өкілеттігін кеңейтетін заң жобасына қол қойған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1889815-kasym-zomart-tokaev-kelesi-aptada-resejmen-vakcina-ndirisin-iske-kosamyz/