RU

Мемлекет басшысы әкімдермен кеңес өткізді

Кеңес
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдерімен кеңес өткізді деп хабарлайды Ақорда.

Жиында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу мәселелері талқыланды.

Президент бұған дейін берілген тапсырмалардың атқарылуы жайындағы әкімдердің есебін тыңдады. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың басшыларына пандемия жағдайында халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

Жиын соңында Мемлекет басшысы әкімдерге аймақтарды дамытудың, халықтың тұрмысын жақсартудың өзекті мәселелерін шұғыл шешу, сондай-ақ, Жұмыспен қамту жол картасын тиісті деңгейде жүзеге асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Еске салсақ, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев келесі аптада Қазақстан Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосатынын мәлімдеді.

Бейнеконференция режимінде өткен іс-шараға Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан президенттері де қатысқан.

Оған қоса, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты. Мемлекет басшысы өз сөзінде жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Тәуелсіздік – мемлекеттігіміздің алтын діңгегі, дербестігіміздің берік негізі екенін атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1889856-memleket-bassysy-kimdermen-kees-tkizdi/