Қызылорда облысы Сырдария ауданында жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді
Жарияланған күні:
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Сырдария ауданына барды. Сапар барысында аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын тексеріп, «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде Тереңөзек кентінің тұрғын кварталындағы 18 пәтерлі №1 тұрғын үй және 6 пәтерді жапсарластыру арқылы салынған 18 пәтерлі №2 тұрғын үйдің кілтін тапсыру рәсіміне қатысты.
"Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жаңа тұрғын үйді пайдалануға бергелі тұрмыз. Бүгінгі күні мемлекеттік бағдарламалар аясында инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үйдің құрылысын жүргізу, абаттандыру секілді көп деген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қоныстарыңыз құтты болсын! Жаңа үйлеріңіздің іші қуаныш пен шаттыққа толсын!", - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Сондай-ақ, шарада көпбалалы ана Динара Талқанбаева мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын білдіріп, 98 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыров батасын берді.
Бұл жобаның құны 466 млн 195 мың теңгені құрайды. Пәтер саны – 42. Құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Нұр-Талап и К» ЖШС ағымдағы жылдың маусым айында бастаған. Жалпы ауданы 2593,6 м2.
Сырдария ауданында жыл көлемінде «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде А.Тоқмағамбетов ауылдық округіндегі №135 орта мектептің жертөлесін жаттығу залына айналдыру және жалпы ұзындығы 34,7 шақырымды құрайтын елді мекендерінің ішкі көшелірінің жол құрылысын жүргізу, Жетікөл елді мекенінде сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту, Тереңөзек кентіндегі жаңа ықшам ауданына инфрақұрылым жеткізу, «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ақжарма ауылының көшелерін орташа жөндеу, жарықтандыру сияқты жұмыстар атқарылуда.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Талғат Дүйсебаевқа мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауда ұстауды және коронавирус індетінің таралмауына тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1891357-kyzylorda-oblysy-syrdaria-audanynda-zaa-trgyn-j-pajdalanuga-berildi/