RU

Facebook, Twitter және Youtube Трамптың аккаунтын бұғаттап тастады

Дональд Трамп
Дональд Трамп. Фото: Zach Gibson - Pool/Getty Images

Instagram, Facebook, Twitter және Youtube Дональд Трамптың аккаунтын бұғаттап тастады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

7 қаңтар күні Instagram мен Facebook Трамптың аккаунтын - 24 сағатқа, ал Twitter 12 - сағатқа бұғаттап тастады. Одан бөлек, Youtube тұғырнамасы да Трамптың Капитолий маңында жақтастарына жолдаған видеоүндеуін көрсетпей қойған.

Әлеуметтік желілердің әкімшілігі мұндай видео олардың талаптарын бұзатынын мәлімдеген. Осылайша, АҚШ президенті осы уақыт аралығында аталмыш тұғырнамаларда ештеңе жариялай алмайтын болып отыр.

Еске сала кетейік, бүгін 7 қазанда Дональд Трамптың жақтастары Капитолийге, одан кейін Вашингтондағы Сенат залына баса көктеп кірген еді. Онда президенттік сайлаудың нәтижелерін бекітуге бағытталған кездесулер өтуі тиіс болған. Оқиға салдарынан жарақат алғандар бар, бір адам қайтыс болды.

Наразылықтарға байланысты Сенат пен Өкілдер палатасы кездесуді тоқтатты. Конгресс кешеніндегі бірқатар кеңселер эвакуацияланды. Сенат мүшесі NBC News-ке АҚШ вице-президенті Майк Пенс Капитолийден қауіпсіз жерге жеткізілгенін хабарлады.

Өз кезегінде Трамп наразылық білдірушілерді бейбіт жолмен әрекет етіп, полицияға қолдау көрсетуге шақырған. АҚШ вице-президенті Майк Пенс те наразылық білдірушілерді Вашингтондағы Капитолий ғимаратының сыртында болып жатқан зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақырды және оған қатысқандардың бәрі жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1892615-facebook-twitter-zne-youtube-trampty-akkauntyn-bgattap-tastady/