Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қырғызстандағы президент сайлауы: Тоқаев Садыр Жапаровты жеңісімен құттықтады

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының жаңадан сайланған президенті Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, дауыс беру нәтижесі ол ұсынған Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету және мемлекеттілігін одан әрі нығайту бағдарламасы бүкілхалықтық қолдауға ие болғанының куәсі екенін атап өтті.

Президент бауырлас Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты екі ел халқының мүддесіне сәйкес достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік рухында одан әрі дамыта беруге бейілді екенін нақтылады.

Садыр Жапаров Қырғыз Республикасының тұрақты әрі байыпты дамуға бағытталған ұмтылысын үнемі қолдап келе жатқан мемлекет басшысы мен Қазақстан халқына алғыс айтты.

Мемлекет басшылары екіжақты байланыстардың күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі іс-қимылдарды арттыруға ниеттілігін растады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қырғыз басшысы шақыруды қабыл алып, президент ретіндегі алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтынын айтты.

Сонымен бірге ол мемлекет басшысын парламент сайлауының сәтті өтуімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа бауырлас Қырғызстан халқының игілігі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметіне толағай табыс тіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1893108-kyrgyzstandagy-prezident-sajlauy-tokaev-sadyr-zaparovty-zeisimen-kttyktady/

pixel