Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ел парламентінің шаруашылық басқармасы қонақ үйден 27,8 млн теңгеге 103 нөмірді броньдап қойған

Опубликовано:

Қонақ үй нөмірі
Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстан парламентінің шаруашылық басқармасы жалпы сомасы 27,8 млн теңгеге Hampton by Hilton Astana Triumphal Arch қонақ үйінен 103 нөмірді броньдап қойған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы ақпарат мемлекеттік сатып алулар сайтында 11 қаңтарда пайда болған.

Тапсырыс беруші - "Материалдық-техникалық қамтамасыз ету" мемлекеттік мекемесі. Ол мекенжайы және басқа да ресми деректері бойынша парламенттің шаруашылық басқармасына қарайды.

Сатып алуда "Hotel Service Astana" ЖШС жеңімпаз атанып, Hampton by Hilton Astana Triumphal Arch үшжұлдызды қонақ үйі таңдалған. Сайттағы ақпаратқа сәйкес, қонақ үй Нұр-Сұлтан қаласы, "Есіл" ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 43А мекенжайында орналасқан.

Лотоның жалпы сомасы 27 865 178,58 теңгені құраған.

Сайттағы сипаттамада қонақ үй ғимаратында бір мезгілде көп орынды автобустардан үш адамнан кем емес қонақтарды түсіріп, мінгізуге мүмкіндік беретін ыңғайлы алаң болуы керектігі айтылған.

Одан бөлек, бейнебақылау жүйесі, өртке қарсы дабыл жүйесі, автоматты түрде өрт сөндіру жүйесі, реттелетін желдету және ауаны баптау жүйесі, температура режимін реттейтін орталық жылыту жүйесі, есікті ашудың электронды жүйесі және кем дегенде екі лифтінің болуы маңызды.

Нөмірде екі адамдық кереует, сырт киімге арналған шкаф, кереуеттік тумбалар, айна, жазба үстелі, ноутбукты сақтауға болатын сейф, кабельді немесе спутникті телеарнаға қосылған теледидар, телефон, Wi-Fi сымсыз интернеті, үстел лампасы, душ кабинасы бар жуынатын бөлме, гигиеналық құралдар, фен, сүлгі болуы керек.

Сонымен қатар нөмірлердің саны 103-тен аз болмауы тиіс, оның ішінде кемінде екі бөлме мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған болуы шарт.

Сондай-ақ қонақ үйде 40 адамға арналған конференц-зал болуы қажет. Ал қонақ үйдің өзі үкімет үйі, министрлер үйі мен парламенттен 3 шақырымнан аспайтын жерде орналасуы тиіс.

Sputnik Қазақстанның жазуынша, нөмірлер жаңадан сайланған мәжіліс депутаттары үшін броньдалған болуы мүмкін.

Басылымның дерегінше, бірнеше жыл бұрын БАҚ беттерінде 2016 жылғы парламент сайлауынан кейін депутаттар үшін бесжұлдызды "Пекин Палас" қонақ үйі броньдалған. Халық қалаулылары қызметтік баспанасын алғанша сол қонақ үйде тұрған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1893498-el-parlamentini-saruasylyk-baskarmasy-konak-jden-278-mln-tegege-103-nmirdi-brondap-kojgan/

pixel