RU

Ердоған халық алдында коронавирусқа қарсы вакцина салдырды (фото)

Ердоған
Режеп Тайып Ердоған. Фото: twitter.com/RTErdogan

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 14 қаңтарда БАҚ өкілдерінің алдында коронавирусқа қарсы қытайлық вакцинаның бірінші дозасын қабылдады деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Анкарадағы қалалық ауруханалардың бірінде жасалған процедура халыққа тікелей эфир барысында көрсетілген.

Түркия басшысына қытайлық компания жасаған CoronaVac вакцинасы салынған.

Процедура аяқталғаннан кейін Ердоған Twitter парақшасында жазба жариялады. Ол Түркияда COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған медициналық қызметкерлер саны 254 мыңнан асқанын хабарлаған.

"Біздің сәтті вакцинация бағдарламамыздың арқасында 254 мың медицина қызметкері вакцинаның алғашқы мөлшерін қабылдады. Мен де оларға қосылып, вакцина салдырдым", - дейді түрік көшбасшысы.

Сонымен бірге президент ел тұрғындары тез арада екпе салдырады деген үмітте екенін айтты.

Оның сөзінше, Түркияға тағы коронавирусқа қарсы вакцинаның 25-30 млн дозасы әкелінеді.

Ердоған өзімен бірге COVID-19-ға қарсы вакцинаны Әділеттілік және даму партиясының жетекшілігі де салдырғанын хабарлады.

Сондай-ақ ол ел саясаткерлерін коронавирусқа қарсы вакцинация науқанын ілгерілетуге үлес қосуға шақырған.

Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Джо Байден де халық алдында коронавирусқа қарсы вакцина салдырған еді.

Одан бөлек, АҚШ-тың жаңа вице-президенті Камала Харрисқа тікелей эфир кезінде коронавирусқа қарсы екпе егілген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1893888-erdogan-halyk-aldynda-koronaviruska-karsy-vakcina-saldyrdy/