RU

Дариға Назарбаева мәжілістегі комитеттердің біріне мүше болды

Дариға Назарбаева Сенаттан кетті
Фото: Atameken Business Channel

Дариға Назарбаева Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің мүшесі болды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

VII шақырылымдағы мәжілістің алғашқы жалпы отырысында палата спикері, вице-спикерлер, сонымен бірге палатаның тұрақты комитеттерінің төрағалары сайланды. Олардың жалпы саны жеті.

Депутат Дариға Назарбаева Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің мүшесі болды. Бұл комитетті депутат Альберт Рау басқарады.

Нұрлан Нығматулин қайтадан парламент мәжілісінің төрағасы болды. Ал Балаим Кесебаева мен Павел Казанцев вице-спикер болып сайланды.

Айта кетсек, бүгін мәжілістің жаңа депутаттарының әрқайсысы Конституцияға қолын қоя отырып, ант берді. Рәсім президенттің қатысуымен парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін өтті.

Еске сала кетейік, Қазақстанда 10 қаңтарда мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтті. Оған "Қазақстан халық партиясы", "Nur Otan", "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, "Ақ жол" демократиялық партиясы, "Адал" саяси партиясы қатысты.

12 қаңтар күні Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы парламенттік сайлаудағы дауыс берудің соңғы нәтижелерін жариялады.

Оған сәйкес, "Nur Otan" партиясы 71,09%, "Ақ жол" демократиялық партиясы 10,95%, "Қазақстан халық партиясы" 9,10%, "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы 5,29% "Адал" саяси партиясы 3,57% дауыс жинады.

Дауыс беру қортындысы бойынша үш партия - "Nur Otan", "Ақ жол" және ҚХП мәжіліске өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1893984-dariga-nazarbaeva-mzilistegi-komitetterdi-birine-mse-boldy/