RU

Ерлан Қарин коронавирусқа қарсы вакцинаны екінші рет салдырды

Ерлан Қарин
Фото: facebook.com/karin.erlan

Мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Қарин екінші рет коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы саясаткер өзінің Facebook парақшасында хабарлаған.

Қаринге отандық QazCovid-in вакцинасы салынған.

"Сонымен, бүгін QazCovidIn вакцинасы екінші рет егілді. Вакцинацияның талабына сәйкес екі рет егілу тиіс, яғни 21-22 күннен кейін", - деп жазды саясаткер.

Президент көмекшісінің сөзінше, бұл иммунитетті күшейту үшін қажет.

"Алдағы үш күн су тигізбеу керек, спортпен айналысуға болмайды", - дейді ол.

Сондай-ақ Ерлан Қарин алғашқы вакцинациядан кейін ешқандай жағымсыз әсер сезбегенін атап өтті.

Айта кетсек, мемлекеттік қызметкерлердің ішінен алғашқылардың бірі болып ерікті түрде қазақстандық вакцинаны салдырған Бердібек Сапарбаев денсаулық жағдайы туралы хабардар еткен болатын.

Белгілі болғандай, Жамбыл облысы әкімінің жай-күйі қалыпты.

"Екпе салдырғаныма бір аптадан асты. Денсаулығымда еш өзгеріс байқалған жоқ. Әдеттегідей, қызметімді атқарып жүрмін", - дейді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен бірге Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 14 қаңтарда БАҚ өкілдерінің алдында коронавирусқа қарсы қытайлық вакцинаның бірінші дозасын қабылдаңан болатын.

Анкарадағы қалалық ауруханалардың бірінде жасалған процедура халыққа тікелей эфир барысында көрсетілген.

Айта кетсек, 18 қаңтарда Ресейде коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1894263-erlan-karin-koronaviruska-karsy-vakcinany-ekinsi-ret-saldyrdy/