RU

Қазақстан үкіметі жаңа дағдарыс болған жағдайда іске қосылатын "Б" жоспарын әзірледі

Теңге
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәжілістегі Nur Otan парламенттік фракциясының кеңейтілген отырысында жаңа дағдарыс басталса министрлер кабинетінің қалай жұмыс істейтінін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мәселені мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин көтерді. Оның дерегінше, егер 2019 жылы елдегі шағын және орта бизнес үлесі 31,7 пайызды құраса, 2020 жылы 28,5 пайызға дейін төмендеп кеткен. Ал партия бағдарламасында бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін жеткізу міндет етілген.

"Біз коронавирус пандемиясының өзін қалай ұстайтынын білмейміз, бұл дағдарыстың қаншалықты тез аяқталып, экономика қашан қалпына келетінін және қандай да бір жаңа жағымсыз факторлардың араласып-араласпайтынын білмейміз. Егер біз қосымша қиындықтар мен қауіп-қатерге тап болсақ, сіздің әрекет ететін қосымша жоспарыңыз бар ма?", - дейді Нығматулин.

Сауалға жауап берген Ұлттық экономика министрі үкіметтің жоспары бар екенін хабарлады. Жоспар Ұлттық банк пен Қаржы нарығын дамыту агенттігімен бірлесіп жасалған.

"Жоспарда халық пен бизнеске қажетті қолдау көрсетуге, сондай-ақ макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған контрциклдік сипаттағы жедел шаралар кешені қамтылған", - дейді Әсет Ерғалиев.

Оның сөзінше, бұл жоспар коронавирус инфекциясы қайта өршіген жағдайда, мұнай бағасының жоғары тұрақсыздығы және басқа да сыртқы жағымсыз факторлар болған кезде іске қосылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1898682-qazaqstan-ukimeti-zana-dagdarys-bolgan-zagdaida-iske-qosylatyn-b-zosparyn-azirledi/