Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шебер жүргізуші": Назарбаев өмірден өткен журналистің жанұясына жеделхат жолдады

Опубликовано:

Фото
Фото: Elbay.kz

Нұрсұлтан Назарбаев белгілі тележурналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртілеу Иманғалиұлының қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады деп хабарлайды Elbasy.kz.

Елбасы Нұртілеу Иманғалиұлының дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыға ортақтасып, отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

"Нұртілеу Иманғалиұлы саналы ғұмырын қазақ телевизиясының өркендеуіне арнады. Ол қатардағы тілшіден Ұлттық арнаның басқарма төрағасына дейінгі жолдан өткен нағыз майталман маман болатын.
Оның қоғамдағы көкейкесті мәселелерді арқау етіп, әлеуметтік астарын аша білген айшықты авторлық бағдарламалары ұмытылмай, ел есінде қалады. Шебер жүргізуші, сұңғыла сұхбатшы ретінде эфирдегі ерекше бейнесімен, өзіндік болмыс-бітімімен қалың көрерменді ұйыта білген талантты да танымал тұлға тәуелсіз еліміздің тележурналистикасын дамытуға зор үлес қосты.
Көпшіліктің көзайымына айналып, ықыласына бөленген абзал азаматтың ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі жұртшылық жадында әрдайым сақталады деп сенемін", - делінген жеделхатта.

Естеріңізге сала кетейік, Бүгін таңертең 70 жасқа қараған шағында Қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті.

Нұртілеу Иманғалиұлы "Құрдастар", "Жастар дауысы", "Арай", "Жадыңда ма, жолдас, "Айна", "Жас жігер", "Бетпе-бет", "Қолтаңба", "Діңгек", "Көршілер", "Заң сөйлесін", "Nur-Tiley" авторлық бағдарламалары арқылы қалың көрермен есінде қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1899413-nursultan-nazarbaev-nurtileu-imangaliulynyn-zaqyndaryna-konil-aitty/

pixel