RU

Германия 1 наурыздан бастап коронавирусты анықтайтын экспресс-тесті тегін етпек

ПТР тестілеу
Фото: NUR.KZ

Германия 1 наурыздан бастап азаматтарына коронавирус экспресс-тестін тегін ұсынады. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрі Йенс Шпан мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық радиосы.

"1 наурыздан бастап барлық азаматтарға тегін тест жасату мүмкіндігі беріледі", – деп жазды ол Twitter-де.

"Бильд" басылымының мәліметінше, коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тесті дәріханаларда, клиникалар мен стоматологияларда және тестілеу орталықтарында жасатуға болады.

Экспресс-тест адам ағзасында вирустың антигені бар-жоғын тексереді. Оның нәтижесі 30 минут ішінде дайын болады.

Бұған дейін Германия канцлері Ангела Меркель елдегі локдаунның 7 наурызға дейін жалғасатынын айтқан еді. Негізі елде карантин шектеулері ақпанның ортасында аяқталуы тиіс болған.

Еске салсақ, Грецияның Крит аралындағы Ираклион университетінің ауруханасында 85 жастағы ер адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырып, сегіз минут өткеннен кейін ажал құшқаны туралы жазған едік.

Алғашқы болжам бойынша, қарт кісінің өлімі вакцинациядан және аллергиялық анафилактикалық шоктан емес, керісінше, басқа себептерге байланысты болған.

Елдегі жағдайға келсек, Қарағанды фармацевтика кешені Қазақстан аумағында коронавирусқа қарсы "Гам-КОВИД-Вак" вакцинасын тіркеу рәсімін аяқтады.

Қазақстан – "Спутник V" вакцинасын мақұлдаған 27-ші мемлекет. Ақпан айының соңында Қазақстанның барлық өңіріне Қарағанды фармацевтика кешені өндірген "Спутник V" вакцинасының 90 мыңға жуық дозасы жеткізілмек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1899509-germaniya-1-nauryzdan-bastap-covid-ekspress-testin-tegin-etpek/