RU

Тоқаев Ұлттық экономика министрлігінің құзыретін күшейту керектігін айтты

Тоқаев1
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін үйлестіруде Ұлттық экономика министрлігінің құзыретін күшейту керектігін мәлімдеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Нұр-Сұлтанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында президенттің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметіне қатысты мәлімдеме жасағанын Ақорда өзінің Twitter парақшасында жария етті.

"Аймақтардың әлеуетін арттыру мақсатымен кезінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылды. Мұндай құрылымдар қазір барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс істейді", - деп бұл мәселе төңірегінде сөзін бастады Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды институтқа айналдыру керектігін алға тартты.

"Енді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды институтқа айналдыратын кез келді. Өңірлік корпорациялардың жұмысы қоғамның ашық әрі толық бақылауында болуға тиіс. Құзіретіне жатпайтын және маңызы төмен активтерді оның қарамағынан алып тастаған жөн", - деді президент.

Тоқаев осы тұрғыда Ұлттық экономика министрлігінің кұзыретін күшейту керектігін мәлімдеді.

"Жалпы, осы корпорациялардың қызметін үйлестіру үшін ауқымды жұмыс жүргізу қажет. Бұл ретте, Ұлттық экономика министрлігінің аталған мәселеге қатысты құзыретін күшейту керек", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1900805-tokaev-ulttyq-ekonomika-ministrliginin-quzyretin-kuseitu-kerektigin-aitty/