RU

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентіне көңіл айтты

Фото
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кугар» әскери тікұшағының апатқа ұшырап, бірнеше адамның қаза болуына байланысты Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанға Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айту жеделхатын жолдады деп хабарлайды Ақорда.

"Түркияның шығысындағы Бингёль аймағында апатқа ұшыраған "Кугар" әскери тікұшағында құрбан болған және зардап шеккендер туралы ақпаратты терең күйзеліспен қабыл алдым. Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша қазақстандықтардың және жеке өз атымнан Сізге, сондай-ақ, бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамын. Алла тағаладан қаза болғандардың жандары жәннатта болуын, жараланғандардың тез арада сауығып кетуін тілеймін", – деп жазылған жеделхатта.

Еске салсақ, бейсенбі, 4 наурызда Түркияның шығысында әскери тікұшақ құлады. Әуе кемесі Бингельден Татванға Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 16:55-те ұшты, ал 17:25-те тікұшақпен байланыс үзілді.

Тікұшақ апатқа ұшыраған жерде тоғыз адамның мәйіті табылды, тағы төрт адам жарақат алды. Алайда кейінірек, құрбан болғандар саны 11 адамға жетті.

Қайтыс болғандардың бірі – Түркия құрлық әскерлерінің сегізінші корпусының қолбасшысы, генерал Осман Эрбаш.

Алдын ала болжам бойынша апатқа ауа райының кенеттен нашарлауы себеп болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1902164-qasym-zomart-toqaev-turkiya-prezidentine-konil-aitty/