Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев шетелдіктерге жерді сатуға біржола тыйым салатын заң жобасын мәжіліске жолдады

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге жерді сатуға, жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мәжіліске жолдады. Бұл туралы президенттің өзі Twitter парақшасында хабарлады.

"Бүгін мен өзімнің президент ретінде заң шығаруға бастамашылық ету құқығымды пайдаланып, жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мәжіліске жолдадым. Парламент оны белгіленген регламентке сәйкес қарастырып, тиісті шешім қабылдайды", - деп жазды мемлекет басшысы.

Еске сала кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында президент шетелдіктерге жерді сатуға заң жүзінде біржола тыйым салынатынын мәлімдеген еді.

"Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет", - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сол кезде мемлекет басшысы президент әкімшілігі дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлеуі керектігін айтқан еді.

Сонымен қатар президент бір айдың ішінде жер реформасы жөніндегі комиссия құруды, олардың құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін, жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосуды және 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырған болатын.

Комиссия жұмысының әрбір кезеңі және онда ұсынылған шаралар туралы халықты үнемі хабардар етіп отыру керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1903150-toqaev-seteldikterge-zerdi-satuga-birzola-tyiym-salatyn-zan-zobasyn-maziliske-zoldady/

pixel