Президент төрағалығымен өткен эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңестің видео нұсқасы жарияланды
Опубликовано:

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңестің бейне нұсқасы жарияланды.
Видеоны мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі эпидемиялық ахуал жайында айтты.
"Жағдай бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Атқарушы органдардың жұмысына азаматтарымыздың көңілі толмайды.
Жалпы алғанда қазіргі жағдайымыз жақсы емес. Тіпті ахуал өте күрделі деп айтуға болады. Коронавирус індеті қайта өршіп келеді. Мұны Қазақстан ғана емес, көптеген елдер бастан өткеруде. Нақты деректерге қарасақ, оның негізгі себебі вирустың мутацияланған жаңа штамдары болып отыр. Оған қоса, азаматтарымыз және бизнес өкілдері індеттен әбден қажып, соның салдарынан сақтық шараларына салғырт қарай бастады. Бұл, әрине, жағдайды одан бетер ушықтыруда", – деді президент.
Мемлекет басшысы коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу екенін атап өтті.
Оның сөзінше, мұны локдауннан шығу жолын ертерек ойластырған елдердің тәжірибесі дәлелдеген.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев барлық азаматтарды вакцина салдыруға шақырды.
"Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл біздің азаматтық парызымыз", – деді президент.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1905881-prezident-toragalygymen-otken-epidemiologiyalyq-axual-zonindegi-kenestin-video-nusqasy-zariyalandy/