RU

Берік Уәли президенттің Twitter парақшасын кім жүргізетінін айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Хабар 24 телеарнасына сұхбат беріп, әлеуметтік желідегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың парақшаларын кім жүргізетінін айтты.

Журналист президенттің әлеуметтік желіде белсенді екенін, Instagram, Facebook және Twitter желісінде мемлекет басшысының пікірлері шығып отыратынын атап өтті.

Осы ретте ол президент желіде өзі отыра ма әлде парақшаларды басқа біреу жүргізіп, президент тек бақылау жүргізе ме деген сауал қойды.

"Әрине, өзі бақылайды, өзі жүргізеді. Бізде қасаң пікір қалыптасқан ғой. Ел арасында әлі күнге дейін сондай пікір бар. Кез келген мемлекеттік лауазымды тұлғаның әлеуметтік желісін көмекшілері болмаса баспасөз қызметі жүргізеді деген қасаң пікір бар.

Жоқ, мемлекет басшысы кез келген твитті өзі қадағалап, өзі жазып, өзі халыққа ұсынып отыр деп айтсақ еш қателеспейміз. Өзіңіз айтып отырған "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын 2019 жылдың қыркүйек айында жария етті...

Осы твит арқылы көптеген тапсырма бергенін өздеріңіз білесіздер. Халыққа осы мәселелердің жартысын жаңғыртып айтып отырған тиімді шығар деп ойлаймын", - дейді Уәли.

Мысал ретінде ол мемлекеттік рәміздерге қатысты жағдайды келтірді.

"Президент Twitter парақшасында мемлекетік рәміздерді пайдалану қағидаттарын қайта қарау туралы тапсырма берді. Оны депутаттар дер кезінде іліп алып кетіп, бүгінде мемлекеттік рәміздерді қолдану аясы кеңейді, - дейді президенттің баспасөз қызметшісі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1906530-berik-uali-prezidenttin-twitter-paraqsasyn-kim-zurgizetinin-aitty/