Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Оңай болған жоқ": Бағдат Мәнзоров Алатау ауданын басқарған кезде қандай тәуекелге барғанын айтты

Опубликовано:

Бағдат Мәнзоров
Фото: Youtube/Уақыт көрсетеді

Талай жыл қала, аудан, облыс деңгейінде лауазымды қызмет атқарып, бір жыл бұрын өз еркімен орнын босатқан экс-шенеунік Бағдат Мәнзоров Уақыт көрсетеді бағдарламасына сұхбат берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бағдат Мәнзоров 20 жылдай мемлекеттік қызметте болған.

Айтуынша, лауазымды қызметке келмей тұрып, кәсіпкерлікпен айналысқан. Ал бүгінде кәсіпті отбасы мүшелері - жұбайы мен қыздары жүргізіп жатқанын жасырмады.

Сұхбат барысында Алматының Алатау ауданын басқарған Бағдат Мәнзоров тоғыз жылда тындырған ісі жайлы айтты.

"2007 жылы мен қалалық мәслихаттың депутаты едім. Алдында Алматы облысында екі ауданда әкім болдым. 2008 жылы маған жаңадан құрылған Алатау ауданына әкім болуға ұсыныс жасады. Өздеріңіз білетіндей, Алатау ауданының аумағын Алматы облысынан қосылған жерлер құрайды. Сондықтан облыстың жөн-жосығын білетін жігіт керек болды. Көбінің ұсынысы маған түсті. Ол кезде қала әкімі Ахметжан Есімов болатын. Мен баруға дайын екенімді айттым.

Алатау ауданы сол кезде заңсыз үйлер салынған, әлеуметтік проблемасы өте көп шағын аудандардан тұратын. Мектептер жетіспейтін, ауруханалар жоқ еді. Жол жоқ, жарық жоқ. Жеті мыңға жуық үй заңдастырылмаған еді. 2006 жылы шулы оқиға болғаны есте (Шаңырақ оқиғасы - ред.). Халықтың наразылығы басым болды.

Бірінші жылы әкім болғанда оңай болған жоқ. Өте көп қиындықтар болды. Оны заңдастырудың өзі даулы болды. Енді олардың (заңсыз үй салған тұрғындар - ред.) кінәсі жоқ. Ол кезде колхоз-совхоздың бәрі жабылып қалған. Нарықтың кезі. Ауылдағы адамдар күнін көре алмай, балаларын оқыту үшін білім іздеп, жұмыс іздеп Алматыға келді. Сол мезетте алаяқтар жалған құжатпен жер сатқан. Қолдарындағы мөрі бар көшірме қағазды қанағат тұтып, ел баспана сала бастады. Қуаныштымын, бүгінгі таңда жақсы аудандардың біріне айналды.

Бірінші жетістігіміз сол жеті-сегіз мың үйді заңдастыру болды. Жерін заңдастырған соң, адам тыныш ұйықтайды. Үйін дұрыстап салады. Бұрын қалай болса солай тұрғызған. Біздің ұсынысымыздан кейін тұрғындар үйін жөндеп, жерінің актісін алды, үйін заңдастырды, тіркеуге отырды. Алматы қаласының толыққанды азаматы болды. Соның арқасында балалары мектепке бара алатын болды, әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Ауданды 100 пайыз газдандырдық, 100 пайыз жолдарын жасадық. Су, кәріз жүйесін шештік", - дейді Алатау ауданын тоғыз жыл басқарған бұрынғы әкім.

Бағдат Мәнзоров сегіз айдың ішінде ғимараттарды тұрғызып, халықтың проблемасын шешуге қалай септігін тигізгенін де есіне алды.

"Қала әкімі бізге аудан аумағынан әкімдікке лайық үй тауып көріңдер деді. Үйлерді көрсек, кішкентай, бір әкімдік сыймайды. Жұмыс өте үлкен. Аудан жылдың ортасында құрылды, бюджетте жоспраланбағаны белгілі, қала әкімдігінде басқа қаражат жоқ. Содан жалға уақытша бір ғимаратты алдық. Мен Қытайдан инвесторларды алып келдім. Жергілікті жігіттер көмектесті, өзімнің қаражатымды салдым. Сол жерден сегіз айдың ішінде бес қабатты әкімдік, бес қабатты прокуратура, сот, салық комитеті, ҰҚК, ХҚКО ғимараттарын тұрғыздық. Өз ақшамызға бітірдік.

Екі жылдан кейін мемлекет бағалап қаражатты қайтарып берді. Бұны салудағы мақсат, ел жерін заңдастырды, бірақ үйін заңдастыра алмады. Үйі архитектура талаптарына сай емес, құлап қалатын үйлер болғандықтан, тіркеуге отыра алмайды. Мен әкімдікті салдым да, бес-алты мың адамды сол ғимаратқа тіркеуге отырғыздым. Оны қылмыс деп те айтуға болады. Осындай нар тәуекелге бардым. Өйткені шулаған халықтың мәселесін шештік", - дейді экс-әкім.

Сонымен қатар Бағдат Мәнзоров құрылыс жұмыстарына өз қалтасынан қанша ақша жұмсағанын атап өтті.

"Жолдасым (жұбайым - ред.) кредит алды. Бизнестен қарызға сұрадым. Көмектесті. Екі-үш миллиардтың жұмысы ғой салғанымыз. Бір-бір жарым миллиард (теңге - ред.) ақша алдық қой деймін, қазір нақты білмеймін. Мені Елбасы, қала әкімі ауданға басшы етіп сеніп қойғанда, қайта-қайта сұрап отырамын ба, жұмыс жасау керек, нәтиже болу керек. Сондықтан сондай қадамға бардық", - дейді Бағдат Мәнзоров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1907139-almatyda-akimdik-gimaratyn-akimnin-ozi-qaltasynan-aqsa-sygaryp-saldyrtqany-ras-pa/

pixel